Жемқорлық • Бүгін, 10:26

Ваучер жүйесіндегі жемқорлық мәселесі талқыланды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкентте қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер, қосымша білім беру ұйымдарының өкілдері бірыңғай ваучер жүйесін ашық талқылады. Жиналғандар пилоттық жобаға қатысты пікір білдіріп, өз ұсыныстарын ортаға салды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ваучер жүйесіндегі жемқорлық мәселесі талқыланды

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ваучер жүйесіне дейін балалар үйірмелерге қағаз жүзінде ғана қатысып келгенін жеткізді. Айталық бес мыңнан астам оқушы тіркелсе, соның әрі кетсе төрт мыңы ғана үйірмеге баратын. Ваучерде жүйе автоматты режимге көшіп, баланың үйірмеге қатысқан қатыспағаны ашық көрініп тұрады.

Алғашқы кезде қосымша білім беру үйірмелері түрлі басқармаларға қарайтын. Спорттық секциялар спорт басқармасына, шығармашылық мәдениет басқармасына деген секілді. Кейін олардың барлығы білім беру басқармасына біріктірілді. Дей тұрғанмен мұнда да біраз түйіткелдер анықталып отыр. Мәселен үйірмелер білім басқармасына біріктірілгенімен, өзгеріс әлі заңды күшіне енбей отыр. Қоғамдық кеңес мүшелері сол мәселені талқылап, оның шешу жолдарын қарастырды.

Қанша жерден жүйе автоматты болғанымен үйірмеге қатыспаған оқушыларды тізімге жалған тіркеп қоятын жағдайлар аракідік кездесіп жатады. Бұл білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа жол беретін қылмыс болып табылады. Сондықтан жиынға қатысушылар осы проблеманы жойып, барынша бақылауды күшейту жөнінде ойларын ортаға салды. Бұл ретте қала әкімінің орынбасары С.Құранбек ваучер жүйесінің артықшылығы мен тиімділігін айта келе, алда уақытта жобаны жетілдіру бойынша жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді. Сондай-ақ ол жиында көтерілген барлық мәселелерге қатысты нақты шаралар қабылданып, қосымша білім беру қызметін ашық, таза ету әкімдік алға қойған басты мақсат екенін мәлімдеді. 

Шымкент