Аймақтар • Бүгін, 11:50

Шымкентте заңсыз салынған нысан бұзылды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласы әкімдігі заңсыз құрылыс нысандарымен күресті күшейтті. Осыған байланысты шаһар аумағында салынған құрылыс ғимараттарын сүру жұмыстары бүгінде заң талаптары аясында іске асырылып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкентте заңсыз салынған нысан бұзылды

Мәселен жақында Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы тарапынан «REAL PACK» ЖШС-не тиесілі құрылыс нысанына тексеру жүргізілген болатын. Нәтижесінде, «Қиял әлемі» саябағына іргелес жатқан әжетхана құрылысына берілген жалпы көлемі 0,9326 га жер учаскесі Қазақстан Республикасы Жер кодексінің талаптарына қайшы берілгені және аталған аумаққа заңсыз құрылыс жұмыстары жүргізілгендігі анықталды. Осыған орай ортақ пайдалану аумағынан заңсыз берілген 1 гектарға жуық жер учаскесінде салынған 3 қабатты заңсыз құрылыс ғимараты сот шешіміне сәйкес бұзылды.

Жоғарыда аталған басқарма өкілдері құқық бұзушылықтарға байланысты аталған серіктестік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынғанын мәлімдеді. Бүгін сот шешіміне сәйкес 3 қабатты құрылыс нысанын бұзу жұмыстары жүргізілді.

Бұдан бұрын да Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының қызметкерлері Еңбекші ауданы, Тоғыс тұрғын алабындағы заңсыз салынған нысанды анықтаған болатын. Заң талаптарына сәйкес меншік иесіне құрылыс жүргізу барысында «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының талаптарын сақтамағаны үшін (жобалау құжаттамасынсыз, авторлық және техникалық қадағалаусыз, сондай-ақ құрылыстың басталғаны туралы хабарламасыз) 900 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар аталған құрылыстың жер телімінен тыс салынған бөлігі өз еркімен бұзылды.

Осы орайда басқарма өкілдері кез-келген ғимараттың құрылысын бастар алдында қолданыстағы заң талаптары мен құрылыс нормаларын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.

Талаптардың орындалмауы ірі көлемде айыппұл салуға және нысанды мәжбүрлеп бұзуға әкеп соғуы мүмкін екенін еске салады.

Шымкент