
Таяуда облыс әкімі Құмар Ақсақалов тиісті басқарма басшыларымен, БАҚ өкілдерімен бірге аталған нысанға арнайы барды. Қазір орталықтағы құрылыс жұмыстарының дені аяқталып, медициналық құрылғылар, балалардың жатын орнына қажет жайлы жиҺаздар әкелініп жатыр.
Оңалту кешені Қостанай қаласының іргесінде, Тобыл өзенінің жағасында қарағай, қайыңды қалың орман алқабында орналасқан. Жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Əлия Мекебаеваның айтуынша, бұрынғы резиденция кешенін мүмкіндігі шектеулі балалар еркін жүріп-тұра алатындай етіп қайта бейімдеу мақсатында облыс бюджетінен 352,4 млн теңге бөлінген. Мұның сыртында, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан бөлінген 1 млрд 37 млн теңгеге қажетті заманауи медициналық құрылғылар сатып алынған.
«Қазір құрылыс жұмыстарының 80%-ы аяқталды. Мұнда бір жарым жастан он сегіз жасқа дейінгі балалар ем-шара алатын болады. Орталыққа бір мезетте 60 бала ата-аналарымен жата алады. Балалардың барлығы заңда қарастырылған сегіз əлеуметтік қызмет шеңберінде тегін емделеді», деді Ə.Мекебаева.
21 гектар аумақты алып жатқан кешенде жеті ғимарат бар. Екі-үш қабатты еңселі ғимараттардың төртеуіне психоневрологиялық ауытқуы бар балалар орналасады. Бесінші нысанда арнайы қызмет түрлері көрсетіледі. Алтыншы ғимаратта тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар жатады. Жетінші нысанда сумен емдеу шаралары жүргізіледі. Ғимараттардың бәріне арнайы пандустар қойылып, лифт орнатылады. Жуыну бөлмелері мен дəретханалар да мүмкіндігі шектеулі балаларға барынша бейімделген.
Орталықта балалардың ойлау, сезу қабілетін, қимыл-қозғалысын дамытуға бағытталған қолөнер, тігін шеберханалары, сенсорлық бөлмелер, эрготерапия, дефектология, психология кабинеттері жұмыс істейді. Сондай-ақ арнайы бассейндер, душ, сауна, физиотерапия жүргізетін ванналар орнатылады. Мұның сыртында, алдағы уақытта спорт алаңқайының құрылысы мен жаттығу құрылғыларын орнатуға қосымша қаражат бөлінбек.
«Əзірге өңірде 20 орынға шақталған бір ғана оңалту орталығы бар. Ол жерде жылына 400 баланың ем алуына мүмкіндік қарастырылған. Қазірде облыста 3 мыңнан астам бала мүгедек ретінде тіркеуде тұр. Яғни мұндай оңалту орталығына деген сұраныс өте жоғары. Жаңадан ашылғалы отырған оңалту орталығы 60 орынға шақталған. Мақсатымыз – балалар мен аналарға барынша жағдай жасау. Қостанай облысындағы Президент резиденциясын балалардың игілігіне беру туралы шешім Мемлекет басшысының бастамасына орай қабылданды. Аталған жұмыстар ел көлемінде іске асырылып жатқан «Əділетті Қазақстан» ұстанымының жарқын көрінісі», дейді облыс əкімі Құмар Ақсақалов.
Бүгінде өңірде жұмыс істеп жатқан жалғыз оңалту орталығында балалар 14 күнге дейін ғана ем алады екен. Күзде ашылатын жаңа кешенге келіп түскен бала кем дегенде 21 күнге дейін емделеді. Жаңа орталық іске қосылса 77 қосымша жұмыс орны ашылмақ.
«Қажетті кадрларды жасақтау жұмысын қауырт қолға аламыз. Сондай-ақ мамандарды оқыту, біліктіліктерін артыру іс-шараларын да қатар атқарамыз», дейді Ə.Мекебаева.
Орталық жыл ішінде 1300-ге жуық балаға медициналық қызмет көрсете алады. Заманауи ірі кешенді ұстап тұруға облыс бюджетінен жыл сайын шамамен 250 млн теңге бөлініп отырады.
Қостанай облысы