Саясат • Бүгін, 09:35

Әскери білімге – елдік көзқарас

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңір халқымен кездесіп, әлеуметтік нысандарды аралаған сенаторлар әскери салаға да зер салды.

Әскери білімге – елдік көзқарас

Сенатор Амангелді Нұғ­манов Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровпен кездесуде Президент тапсырмаларын іске асыру, аумақтарды әлеу­меттік-экономикалық дамыту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ ол жергілікті билік өкілдерімен Талғат Бигел­динов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтында болып, курсанттардың оқу үдерісімен, патриоттық және әскери білім беру тәрбие­сімен танысты. Депутат инсти­тутты қолдау қажеттігін айтып, әскери білімді дамыту жөніндегі ұсыныстар Пар­ламент пен салалық органдарда пысықталатынын атап өтті.

«Талғат Бигелдинов атын­дағы Әскери институт Қарулы Күштерге жоғары білікті офи­церлерді даярлайды. Оқу орны сапалы әскери және акаде­миялық дайындықты қам­тамасыз етіп қана қоймай, курсант­тардың бойында пат­риоттық рухты, азаматтық жауап­­­кершілік пен Отанға деген адал­дық­ты қалыптастыруға аянбай атсалысып келеді. Инсти­тут қазір еліміздегі жетекші әскери білім орталықтарының біріне айналып отыр», деді А.Нұғманов.

Сенатор «Жайлы мектеп» жобасы бойынша Мәртөк ауданындағы Сарыжар ауылында салынып жатқан жаңа мектеп құрылысымен де танысты. Ол құрылысты уақтылы аяқтау, оның қауіпсіздігі мен білім беру ортасының заманауи талаптарға сәйкес келуін еске салды.

Ал Сенат депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек және Алишер Сатвалдиев Түркістан облысының халқымен жүздесіп, өндірістік және әлеуметтік бірқатар нысандарды аралады. Олар сондай-ақ жергілікті билік пен бизнес өкілдерімен бірқатар мәселені талқылады.

Сенаторлар Созақ ауданына сапар барысында 200 орындық жаңа спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Олар мердігер мекеме өкілдеріне жұмыстың қарқыны мен сапасын, құрылыс нормаларын сақтау қажеттігін айтты. Әсіресе уран өндірумен айналысатын «Қазатомөнеркә­сіп-Сауран» кәсіпорнының қыз­метіне ерекше назар ауда­рылды. Жұмысшылармен және жергілікті тұрғындармен кез­десу барысында өндіріс қауіпсіздігі, экология және халық­тың денсаулығына әсері туралы мәселелер көтерілді. Тұрғындар өндірістік нысан­дарға жақын орналасқан елді мекендерде, әсіресе балалар арасында аурудың көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Сенаторлар VIII сай­ланған Парламенттің III сес­сиясында қабылданған Су, Бюджет және Салық кодекс­терінің жаңа нұсқалары туралы айтып, өнеркәсіп жүктемесінен зардап шеккен өңірлерді қолдауға кешенді іс-қимыл қажет екенін айтты.

Қазығұрт ауданының егіс­тігінде болған сенаторлар аграршылармен өнімділікті арттыру, субсидия және техникамен қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Соны­мен қатар депутаттар Түлкібас ауданында жылына 800 тоннаға дейін өнім өндіре алатын «First fish company» балық өсіру кәсіпорнының, сондай-ақ жыл сайын 30 мың тоннаға дейін сүт өңдейтін «Майлыкент Сүт» кооперативінің жұмысымен танысты. Кооператив алдағы жоспары бойынша 4 мың бас­­қа арналған жаңа сүт фермасын іске қосуды жоспарлап
отыр.

Бұған қоса олар «Ақсу-Жабағылы» сауықтыру-оңалту орталығын кеңейту жобасымен де танысты. Онда 250 адамға арналған жаңа ғимарат салынып, 200 жұмыс орны ашылмақ.

Сенаторлар Сайрам ауданында орналасқан бірқатар кәсіпорынды да көріп шықты. Еңбек ұжымдарымен кездесуде орта және жоғары білім беру, жол инфрақұрылымының жай-күйі, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және ауыз­сумен қамтамасыз ету мәсе­лелері талқыланды.