
Сенат төрағасының орынбасары Ольга Перепечина мен сенатор Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау және Ақжар аудандарында болды. Олар алдымен Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылында спорт стадионының құрылысын көрді. Сондай-ақ Кутузовка ауылында құрғақ бие сүтін өндіретін ферманың құрылыс алаңында, Горное ауылында орман тұқымбағында болды.
«Біз ауылдарды сақтау мен дамытуға қажетті барлық жағдайды жасай отырып, жайлы ахуал қалыптастыруға көңіл бөлуіміз керек. Жастардың жұмыс іздеп қалаға кетуі – күрделі мәселе. Ауылда жұмыс орындарын ашу қажет. Өйткені бұл – толыққанды өмір сүрудің негізі», деді Ә.Рахметова.
О.Перепечина аймаққа сапары барысында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің түлектеріне диплом тапсыру салтанатты рәсіміне қатысты.
«Әр түлектің өз кәсібін тауып қана қоймай, туған өлкенің және жалпы еліміздің дамуына үлес қосуын тілеймін. Игерген білім мен үйренген дағды табысты еңбек жолында берік негіз болатыны сөзсіз. Университет талай көшбасшылар мен білікті мамандарды даярлап шығарды», деді сенатор.
Ал Сенат депутаттары Сұлтан Дүйсембинов, Ғалиасқар Сарыбаев, Амангелді Толамисов Жетісу облысындағы Кербұлақ ауданының Қоғалы ауылындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанды аралады.
Ауыл еңбеккерлерімен кездесуде құрғақшылық кезінде қолдау шаралары, техника және тыңайтқышпен қамтамасыз ету, суармалы суға қол жеткізу мәселелері талқыланды. Тұрғындар субсидия жүйесін жетілдіру, жеңілдетілген несие беру бағдарламасының ауқымын кеңейту, білікті агрономдар даярлау жөнінде ұсыныстарын айтты.
«Ауыл – бұл өндірістік күш-қуат қана емес, еліміздің тұрақтылығының кепілі. Ауыл еңбеккерлерін қолдау және ауылдық жерлерде өмір сүру жағдайын жақсарту мемлекеттік саясаттың маңызды міндеті болып қала береді», деп атап өтті Ғ.Сарыбаев.
Депутаттар Ләззат Рысбекова мен Арман Өтеғұлов Батыс Қазақстан облысындағы Бәйтерек және Ақжайық аудандарында, сондай-ақ Орал қаласында болды. Сенаторлар әлеуметтік, инфрақұрылымдық және өндірістік жобаларды іске асыру барысымен танысып, өңірді дамытудың мәселелерін жергілікті тұрғындармен бірге талқылады.
Депутаттар Макарово ауылында өткен жылдың соңында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске қосылған жаңа құс фабрикасына да барды. Сондай-ақ Октябрьское ауылында көкөніс өсірумен айналысатын «Август» шаруа қожалығының қызметімен танысып, коллекциялық бақты аралады. Бағбандар 2024 жылдың көктемгі су тасқыны айтарлықтай зиян келтіргенін айтты, бақтағы жеміс ағашының 80 пайызы қурап қалған. Сенаторлар мәселені салалық мемлекеттік органдарға жеткізуге уәде берді.
Нұрлан Бекназаров, Айгүл Қапбарова, Мұрат Қадырбек Шымкент қаласында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттерімен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесті.
«Сенат алдағы уақытта да жастардың мүддесіне, заңнамалық базаны жетілдіруге және қазіргі заманғы құқықтық мемлекетті қалыптастыруға үлес қоса бермек», деді Н.Бекназаров.
Сонымен қатар Н.Бекназаров пен А.Қапбарова Шымкент қаласы бойынша Сот сараптамасы институтында болды. Сенаторлар қызметкерлердің еңбек жағдайын, кадр саясатын және техникалық жарақтандыру мәселелерін талқылады.
Сенатор Ольга Булавкина Өскеменде қала тұрғындарымен кездесіп: «Азаматтардың жақсы өмір сүруі жайлы қаладан басталады. Халықпен кездесулер өткізу жергілікті жерлерде аса өткір проблемаларды жедел түрде анықтауға және жүйелеуге мүмкіндік береді. Әрбір өтініш бойынша тиісті мемлекеттік органдармен қажетті жұмыс жүргізіліп, пысықталады. Оның ішінде Парламент араласуын талап ететін мәселелерде де бар», деп атап өтті.