
Астанада өткен Kazakhstan Open 2025 халықаралық турнирі биыл ерекше оқиғамен есте қалды. Қазақстан каратэ федерациясы ұйымдастырған додада алты елден келген 560-тан аса спортшы өзара мықтыны анықтады. Ката, кумитэ және командалық кумитэ бойынша өткен 58 санаттағы тартыс биыл ауыл жастары үшін тарихи кезеңге айналды. Себебі алғаш рет халықаралық аренада қазақтың ауыл балалары өнер көрсеткен.
Бұл – Halyk қайырымдылық қоры жүзеге асырып жатқан «AUYL SPORT» жобасының нәтижесі. Ірі кәсіпкер, спорт жанашары Тимур Құлыбаевтың ауылдағы талантты жастарға жол ашу жөніндегі стратегиялық бастамасымен «Halyk» қоры бұқаралық спортты қолдауға жүйелі түрде қаржы бөліп келеді.
Жоба аясында іріктелген 6 ауыл баласы ел намысын қорғап, екі бірдей жүлдемен оралды. Маңғыстау облысы Қызылсай ауылының 14 жастағы спортшысы Матжан Мәдениет 52 келі салмақта күміс медаль жеңіп алса, Басқұдық ауылынан Анищенко Захар 60 келі салмақта қола жүлдеге ие болды. Бұл – бүкіл ауылға, ұстаз бен ата-анаға, жас жеткіншекке шабыт беретін тарихи сәт. Спортшылар татамиге тек медаль үшін емес, ауылдың намысын арқалап шықты.
«Бұл менің ғана емес, мені баптаған жаттықтырушымның, демеу болған ата-анам мен ауылдастарымның жеңісі. Алғаш рет шетелден келген қарсыластармен татамиге шықтым. Қобалжыдым, бірақ ауылдың үмітін ақтау үшін барымды салдым. Енді Әлем чемпионы боламын деген арманыма сенемін. “AUYL SPORT” жобасына және Halyk қорына шексіз алғыс айтамын», дейді жас спортшы Матжан Мәдениет.
Айта кетейік, турнир қорытындысы бойынша, жастар құрамасы жасақталып, 2025 жылғы қыркүйекте Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін Азия чемпионатына жолдама алады.
«Halyk» қоры турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырған Қазақстан каратэ федерациясына алғыс білдіріп, жас спортшылардың бағын ашуға ықпал еткен кәсібилік пен адал еңбекті ерекше атап өтті.
«Бұл турнир ауыл балаларының арманына жол ашқан үлкен алаң. Біздің мақсат – әрбір ауыл баласына өз дарынын танытып, үлкен спортқа қадам басуға мүмкіндік беру. Kazakhstan Open 2025 – осы жолдағы маңызды белес. Бұл мүмкіндік бүгінгі жеңістен де маңызды», деді Halyk қайырымдылық қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықұлы.
Айта кетейік, «AUYL SPORT» – «Halyk» қайырымдылық қоры қолға алған маңызды әлеуметтік жоба. Бағдарлама 2024 жылдан бастап ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамыту, талантты балаларды қолдау және кәсіби спортқа бағыттауға жұмыс істейді. Бүгінде бұл бастама аясында еліміздің түкпір-түкпірінде 10 мыңнан астам бала түрлі спорт түрімен жүйелі түрде айналысып жүр.
AUYL SPORT бағдарламасының тиімділігін дәлелдейтін тағы бір айғақ – Сербияда өткен GYMNASIADE халықаралық сайысында 12 ауыл баласының 6 медаль жеңіп алуы. Енді сол тәжірибе Kazakhstan Open аясында жалғасып, ауыл спортшылары халықаралық аренаға сенімді қадам басып отыр.
Ал қайырымдылық қоры еліміздің түкпір-түкпіріндегі мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп, әлеуметтік жауапкершілікті серік еткен ірі ұйым. Қор ауыл спортына ғана 500 миллион теңгеге жуық қаржы бөліп қоймай, жалпы саны 120-дан астам әлеуметтік жобаны жүзеге асырып, 85 миллиард теңге көлемінде қаражат жұмсаған.