Табиғат • Бүгін, 08:40

Құс әлеміне қызығушылық артып келеді

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Орнитологиялық туризм» деген терминнің өзі тосындау естілсе де, бүгінде саяхаттың осы түріне қызығушылық танытатындар қатары жыл сайын көбейіп келеді. Құс патшасын қолға үйретіп, сұңқардың өзіне томаға кигізген қазақ жұртына туризмнің осы бағытының да қатысы мол.

Құс әлеміне қызығушылық артып келеді

Алдымен орнитоло­гия­лық туризм дегеніміз­дің өзі – құстарды та­би­ғи мекенінде бақылап, сурет­ке түсіріп, зерттеу мақсатында ар­найы ұйымдастырылатын сая­хат түрі екендігін айта кетелік. Қос қанаттылардың «Жібек жолы» іс­петті, еліміз де – жылы жақ­қа ұша­тын құстардың Еуразия­да­ғы маңызды маршруты. Отан­дық ғалымдардың кейінгі зерт­теулері елімізде 526 құстың түрі кездесетінін дәйектейді. Көл­дерден, тау-тасымыз бен иен дала­дан табылатын құстардың 405 түрі елімізде ұя салып, бала­­пан басса, 28 түрі қыстап шығады. Жыл құстарының 43 түрі ми­гра­ция кезінде ғана аялдап, қорек­тенеді. Кездейсоқ 45 түрін – ми­грация кезіндегі қолайсыз ауа райы салдарынан, яки бағыт­тарынан жаңылғанда көріп қа­луға болады. Қалған 5 түрі жазда елімізді мекендегенімен, балапан шығармайды. Дегенмен, кейінгі жылдары мамандар жабайы құстардың саны күрт аза­йып бара жатқанын алға тартып,  алаңдап отыр.

Орнитологтер мен эколо­гия­лық ұйымдар бірінші кезекте құс­тардың азаюына браконьерлер емес, ауыл шаруашылығын дамыту, жер жырту, құрылыс пен өнеркәсіптің өркендеуі себеп бо­лып отырғанын айтады. Сол сияқ­ты климаттық өзгерістер де құстардың миграциялық жолдары мен ұя салуына кері әсер етіп отыр. Оған қоса құстардың қалыпты тіршілігіне су қоймалары мен топырақтың ластануы – пес­тицидтер мен басқа химикаттарды қолдану кесірін тигізіп келеді. Браконьерлік пен құстардың сирек кездесетін түрлерін аулау, атудан келетін кедергі соңғы кезекте тұр.

Елімізде құстарды қорғау мен көбейтуге қатысты қандай жұмыстар атқарылып жатыр деген сауал жетегінде бір топ БАҚ өкілі жыртқыш құстарды өсіріп, қайта табиғатқа жіберумен айналысатын «Сұңқар» орталығына сапарлаған едік. Орталық 1989 жылы құрылған кезде мұнда бар болғаны Алматы мен Мәскеу ­хайуанаттар бағынан әкелінген ­12 жыртқыш құс болған. Бастап­қы­да сұңқар түрлерін көбейту мақ­сатында құрылған орталық осы ара­лықта 3 мыңнан астам ­құс өсіріп, 800-ден астамын еркін­дікке жіберген.

Бұрын «Сұңқар» орталығына кез келген адам тұмсығын тыға алмайтын еді. Кейінгі жылдары жұрт құлағдар бола бастаған соң мектеп оқушыларына, шетел­дік­терге экскурсия өткізуді сұрай­тындар көбейген. Енді, міне, бүгін­де орталық орнитологиялық ту­ризм­­нің бір бағытына айналып отыр.

Осы арада Құстарды қорғау одағы мен Қазақстандағы био­алуан­түрлілікті сақтау қауым-­
дас­тығы (ҚБСҚ) көп жылдан бері «Жыл құсы» акциясын өткізіп келе жатқанын айта кету керек. Мысалы, биыл бұл мәртебеге жыртқыш құстардың ішінде жұртшы ие болды.

«Құстардың алаңдатарлық ахуалына қоғам назарын аудару мақсатында жыл сайын «Жыл құсы» акциясы өткізіліп келеді. Биыл­ таңдау жұртшыға түсті. Бұл тиі­сінше бағаланбай жүрген, өлексе жейтін құстардың ең кіш­кентай тобының өкілі. Басқа да құстар сияқты, жұртшының да ортасы тарылды, браконьерлік­тен бөлек, электр желілері мен жел энергетикасы нысандарына со­ғылып өліп жатады. Барлық ірі инфрақұрылымдық, жел энер­гетикасы жобалары халық­аралық стандарттарға сәй­кес экологиялық бағалау процедурасынан өтуге тиіс. Өкінішке қарай елімізде мұндай стандарттар әлі жоқ, оларды қолдану құс­тар­дың жолын­дағы қауіп-қа­терлерді айтарлық­тай азайтуға мүм­кіндік берер еді», дейді ҚБСҚ-ның ғылым жөнін­дегі директоры Сергей Скляренко.

2025 жылы Қазақстанның Қызыл кітабына екі құстың түрі – ақбас құмай мен күшіген енген. Жыртқыш құстарды көбейтіп, баптап, табиғат аясына жіберуде ауқымды зерттеулер жүргізіп келе жатқан «Сұңқар» орталығының директоры Ашот Анзоров: «Бұрын бізге көбінесе көлік қағып кеткен құстарды әкелетін. Қазір мұндай жағдай азайды. Әрине, біз жаралы құстарды емдеп, табиғатқа қайта жібереміз, бірақ оңалту мәселесі күрделі, ол құр қиялмен шешілмейді. Адамдар көбінесе құстарға ойыншық сияқты қарайды. Мысалы, бізге келіп бір құсты аттай қалап сатып алып, жақындарына ерекше сыйлық ретінде тарту жасайтын кездер болады. Ол адам жыртқыш құсты қалай күтіп, асырайтынын білмей, сыйлығын қайта әкеліп тапсыратын оқиғалар бар», дейді.

Мамандар көп елде жараланған құстарға көмек көрсететін арнайы бағдарламалары жоқ болған­дық­тан, еріктілер құстарды өздері ем­дей­тінін айтады. Құстарды емдеу кісіні емдеуден арзан емес, құны диа­гнозына байланысты 20, 50, тіпті 100 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.

«Дала қанаттары – 2025» орни­тологиялық байқауының ұйым­дастырушысы Павел Аджи­гиль­дяев: «Сонау 70-жылдары Алма­ты­да серуендеп жүріп, 60 шақты құс түрін кездестіруге болатын, қазір шамамен 20 түрі табылады. Құстар экожүйелерде маңызды рөл атқаратындықтан, олардың азаюы дабыл қағарлық мәселе ретінде қарастыру керек», дейді.

13 жылдан бері Алакөлдің жа­ға­сында құстарды бақылап, тама­шалайтын «Алакөл қанатта­ры» фес­тивалі өткізіліп жүр. Қазір Алакөлде шамамен 200 құс түрін кездестіруге, оның ішінде жойылып кету қаупі бар, сирек кездесетін реликті шағаланы көруге болады. «Алакөл қанаттары» фестивалінің ұйымдастырушысы Наталья Боровая бастапқыда фестиваль көңіл көтеретін шара болса, уақыт өте келе ол мәдени, білім беру, экологиялық бағдарламаларды қамтитын көпформатты орынға айналғанын атап өтті.

Еліміздегі орнитологиялық туризм дегенде, ең танымал орын ретінде ЮНЕСКО-ның Био­қорықтар желісіне кіретін  қы­зыл дуадақты көруге болатын Қор­ғалжын қорығы бар. Көл­сай,­ Қайың­ды көлдері маңы­нан­ орман құс­та­ры мен су құс­та­­рын, Алтынемел ұлттық пар­­­кі­нен шөлейт құстарын, Ала­көл­ қорығынан сирек кез­де­­се­тін су құстарын, Ақсу-Жа­ба­­ғылы қорығынан биік та­у­лы аймақтарды мекендейтін құс­тар­ды тамашалауға болады.

Орнитологиялық туризмнің қызатын шағы – көктем мен күз мезгілінде. Өйткені миг­рация жүріп жат­қанда жолай дамылдаған, азық іздеген құс­тардың неше атасын­ көріп қалу­ға мүмкіндік бар. Құс­тар­дың келетін, қайтатын маусымы қанат­тылардың тіршілігін ба­қылау­шылар, орнитолог маман­дар, табиғатты түсірумен айна­лы­сатын фотографтар, дүрбі ар­қа­лаған туристерге таптырмайтын кезең.

Елімізде орнитологиялық туризмнің әлеуеті мықты болса да, оны ұйымдастыратын арнайы агенттіктер әлі де аз. Өйткені ту­ризм­нің бұл бағытына жергілікті сая­хатшылардан сұраныс жоқтың қасы. Сұраныс болған күннің өзін­де көп жерде бақылау мұна­ра­лары, арнайы соқпақтар жетіспейді.

 

АЛМАТЫ