Медицина • Бүгін, 13:48

Жедел жәрдем орта есеппен 8,8 минутта келеді

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында жедел медициналық көмек қызметі 4 миллионнан астам шақыруға қызмет көрсетті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Жедел жәрдем орта есеппен 8,8 минутта келеді

Ведомство дерегінше, шұғыл шақыртуларға келу уақыты орта есеппен 8,8 минутты құрайды. Бұл көрсеткіш бекітілген стандарттарға сәйкес келеді. Ал шұғыл емес шақыртулар бойынша келу уақыты 12–26 минут аралығында.

Кешіктірілген шақырулардың үлесі былтырғы 4,3%-дан 2,6%-ға дейін төмендеген. Инсульт пен инфаркт жағдайларында көмек барған сайын жедел көрсетіліп келеді. Қалаларда инсультпен ауыратын науқастардың 98%-ға жуығы алғашқы 40 минут ішінде қажетті орталықтарға жеткізілген.

Бірінші жартыжылдықта жедел миокард инфарктісі бойынша 14 мыңнан астам шақыру тіркелген. Барлық шақырулардың негізгі себептері – тыныс алу және жүрек-қан тамырлары аурулары, неврологиялық жағдайлар, жарақаттар, улану мен инфекциялар.

Ел көлемінде шұғыл медициналық көмекті 1 579 көшпелі бригада көрсетеді. Оның 979-ы қалаларда, 600-і ауылдық жерлерде жұмыс істейді. Сонымен қатар емханалар жанынан 882 бригада құрылып, 3–4-санаттағы шақыруларға қызмет көрсетуде.

Қызметтің кадрмен қамтылуы 86,5%-ға жеткен. Дәрігерлердің үлесі 77,4%-ды құрайды. Жедел жәрдем паркінде 2 469 көлік бар. Жарты жыл ішінде өңірлерге 84 жаңа санитарлық автокөлік жеткізілген.

Министрлік жедел жәрдем қызметін дамыту мен жаңғырту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.