
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов, Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан, «Аманат» партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы Айдар Садырбаев және басқа да қоғам белсенділері қатысты.
Ұлттық рух пен өнер тоғысқан фестиваль барысында «Толағай тұлпары» атты 80 шақырымдық ұлы аламан, аламан бәйге, топ бәйге, тай жарыс, командалық көкпар ойындары сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен бабы келіскен кіл жүйрік 174 тұлпар (ұлы аламан – 61 жүйрік, тай жарысы 42 жүйрік, топ бәйге 38 жүйрік, аламан – 33 жүйрік) қатысты.
Ұлы ақын тойына «Көкпекті» ауыл шаруашылық қоры тарту жасап, Абай ауданына «Chevrolet Monza» автокөлігінің кілтін табыстады.
Ауқымды шара эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концертпен қорытындыланды. Жалпы іс-шараға 10 мыңнан астам көрермен қатысты.
Айта кетейік, фестиваль барысында өткен спорттық додалардың жүлде қоры бас жүлдеге берілген 3 автокөліктен бөлек, 15 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлықты құрады.