Экология • Кеше

Абай облысында 40 тоннаға жуық қоқыс шығарылды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абай облысында жарияланған «Таза Қазақстан» санитарлық-экологиялық бағдарлама аясында 39,3 мың тоннадан аса тұрмыстық және құрылыс қалдықтары арнайы полигондарға шығарылды, деп жазады Egemen.kz.

Абай облысында 40 тоннаға жуық қоқыс шығарылды

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының табиғат қорғау бағдарламаларын іске асыру бөлімінің бас маманы Нұрдәулет Мұқашов мәлімдеді.

Биыл сәуір-мамыр айлары аралығында қарқынды өткізіліп жатқан сенбіліктерге 227 мыңнан астам тұрғын, 10 мыңнан аса ұйым және 4 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылған. Ауқымды науқан барысында 132 мыңнан астам аула, 1900 саябақ пен сквер, 100 мың метрге жуық арық жүйесінің маңы тазартылды.

– Экологиялық тәртіпті нығайту бағытында кешенді іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, екі айлық аясында 6000-ға жуық құқықбұзушылық анықталып, 50 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 200-ден астам ақпараттық материал жарияланып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары белсенді түрде жүргізілді. Сонымен қатар мектептер мен колледждерде 600-ден астам экологиялық шара өтті, – деді Нұрдәулет Мұқашов.

Көктемгі көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілген. Биылғы 26 сәуірде өткен «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» кезінде өңір аумағында 23 мыңнан астам көшет отырғызылды. Сонымен қатар «Түлектердің ағаш егуі» және «Болашақты бірге отырғызамыз» экологиялық акциялары барысында 11 мыңнан аса көшет егілген. «Семей орманы» аумағында 1,5 гектар жерге 3400-ден аса жасыл желек отырғызылған.

Жасыл инфрақұрылымды дамыту мақсатында өңірде жаңа құрылым –  «Жасыл Ел Абай» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Мекеменің директорының орынбасары Дамир Рахимжановтың айтуынша, алдағы уақытта көшетхана мен жылыжай салынып, Семей қаласының сол жағалауында «жасыл белдеу» қалыптастыру жоспарланған.

– Сонымен қатар Түйемойнақ аралында экосаябақ пен балаларға арналған демалыс алаңдарын салу, Озер ауылдық округінде ашық топырақта көшет өсіретін арнайы агроаймақ дайындау жұмыстары қолға алынады, – деп түйіндеді «Жасыл ел Абай» КММ директорының орынбасары Дамир Рахимжанов.

Экологиялық мәдениетті нығайту, қоршаған ортаны сақтау және көгалдандыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасын таппақ.