Аймақтар • Бүгін, 09:26

Аптапта ауызсудан тарығып отыр

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шілденің шіліңгір ыстығында таңдай жібітерге тамшы су таппай отырған ауылдар бар. Алыс ауылдарды былай қойғанда, Алматы қаласына іргелес орналасқан Қарасай ауда­нына қарасты Кемертоған ауылында ауызсу тапшы­лығы жылдар бойы шешімін таппай келеді.

Аптапта ауызсудан  тарығып отыр

Фото: gov.kz

20 мыңға жуық тұр­ғыны бар елді мекенде орталық­тан­дырылған су жүйесі бар бол­ғанымен, техникалық жағ­дайы сын көтермейді. Құбыр­лардағы қысым тым әлсіз. Кей­бір көшелерге мүлде су жет­пейді. Тұрғындар тіршілікке қажетті суды түнгі уақытта ыдыс­­пен жинап, күнделікті шаруа­­ларын соған бейімдеуге мәж­бүр. Мәселені көзбен көріп, тұр­ғындармен ашық пікірлесу мақсатында Мәжіліс депутаттары Максим Рожин мен Данияр Қасқарауов Кемертоғанға арнайы келді.

«Қала іргесінде отырсақ та, суды шелектеп таситынымызға біреу сенсе, біреу сенбес. Көбіміз әлі күнге құдықтың суын ішеміз. Тереңдігі 13–14 метр жерден алынған судың сапасы өте нашар. Тұнбасы, иісі бар. Мұндай су ішу түгілі, кір жууға да жарамайды. Құбыр тартылғанымен, қысым жоқ. Су түнде ғана сыздықтап ағады. Ауылдың тек 20%-ы ғана орталықтандырылған сумен қамтылған. Біз Қаскелең топтық су құбыры жобасына да кірмей­міз. Қазір суды «BeyAzhTrans» ЖШС мен «Таусамалы-Қызмет» МКК жеткізіп отыр. Бірақ олар­дың ұңғымалары әлсіз әрі тозған. Мәселенің шешімін табу мақсатында «Amanat» партиясының Мәжіліс депутаттарын арнайы шақырттық», дейді ауыл тұрғыны, ардагер Егінбек Егеубеков.

Мәселе сумен қамты­луда ғана емес, оның сапасына да аса мән беру керектігін алға тарт­қан ауыл тұрғыны Раушан Жұма­таева көптеген жеке скважина рұқсатсыз қазыл­ға­нын, санитар­лық талаптар сақтал­­май­тындығын ашып айтты.

«Судың сапасы өте нашар. Техникалар бұзылады. Батареялар бітеліп, мүлде жарам­­сыз болып қалды. Ең бас­ты­сы – бұл тұрғындардың денсау­­лығына қауіп төндіреді. Осы мәсе­лені бірнеше рет Мәжілісте көтердік. Енді жобаны қаржыландыру қажет. Құжат­тар дайын, сараптамадан өтті. ­
600 млн теңге жергілікті деңгей­де қарастырылған. Бірақ қалған қаражат республикалық бюджеттен бөлінбесе, бұл мәсе­ле тағы ұзаққа созылып кетуі мүмкін», деді Мәжіліс депу­таты, «Amanat» партия­сы фрак­ция­сының мүшесі М.Рожин.

М.Рожиннің айтуынша, мәселе бір жарым жыл бұрын Қаскелеңдегі қоғамдық қабыл­дауда алғаш рет көтерілген. Сол жолы 20-дан астам түйткіл тірке­ліп, соның көбі шешімін тапқан. Қазір Кемертоғандағы ең өзекті мәселе – таза ауызсуға қол жеткізу.

«Ауылда 4500-ден астам үй орталық су жүйесіне қосылма­ған. Тұрғындар әртүрлі тарифпен, сапасы күмән тудыратын жеке ұңғымалардан су тұтынып отыр. Қажетті құжаттар мен жер телімі дайын. Басты мақсат – респуб­ли­калық бюджеттен қаржы тарту. Үкімет қарауына ұсынылды, Премьер-министр тарапынан бақы­лауға алынды – бюджет нақты­лан­ғанда қаржы бөлінуге тиіс. Бұл мәсе­ле «Amanat» партиясының тіке­­лей бақылауында, партия­­ның «Ха­лық­­­­­пен бірге!» сайлауал­ды бағ­дар­ла­масында инфра­құры­лымды жаң­­ғыр­ту негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленген», деді депутат.

Жобалық-сметалық құжат­тама аясында жалпы ұзындығы 184,8 шақырым болатын су құбыры, екі резервуар, үш сорғы стансасы, дизель генераторы, трансформаторлық қосалқы станса салу жоспарланған. Кемер­тоған ауылының ин­фра­құрылымын жаңғыртуға 4,8 млрд теңге қажет. Құрылыс аяқталған жағдайда 20 мыңға жуық тұрғын сапалы ауызсумен қамтылады.

Айта кетелік, Қарасай ауданында осы бағыттағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Қазірде Жаңатұрмыс, Қаратөбе ауылдарында су жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. Елтай, Жармұхамбет, Шалқар, Қайрат ауылдарында да жұмыстар басталған. Бұл жобаларға 1,7 млрд теңге бөлінген.