
Суреттерді түсірген – Жеңіс ЫСҚАБАЙ
Индустриялық аймақта орналасқан жаңа зауыттың ашылу салтанатында Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов сөз сөйлеп, зауыт ұжымын және жиналғандарды тарихи сәтпен құттықтады.
«Жетісу облысы құрылғаннан бері өнеркәсіптік өндірістің көлемі жыл сайын артып келеді. Мәселен, кейінгі үш жылда бұл көрсеткіш 16,8%-ға өсіп, 347 млрд теңгеге жетті. Жалпы, өңірде осы уақыт ішінде 85 млрд теңгеге 35 жоба жүзеге асты. Оның ішінде жел және су электр стансалары, аккумулятор мен күн панельдерін шығаратын зауыттар бар. Құрылыс қарқыны жоғары Жетісуда осындай өндіріс орындарының ашылуы – уақыт талабы. Себебі өңірде әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер жаппай салынып жатыр. Жаңа зауыт жергілікті құрылыс саласын сапалы, қолжетімді материалмен қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелдік өнімдерге тәуелділікті де азайтады», деді облыс әкімінің орынбасары.
«Стальбетон» ЖШС-ның бұл бастамасы – ел экономикасын әртараптандыру бағытындағы нақты қадамдардың бірі. Кәсіпорын директоры Қалқабай Мұсанов осы маңызды іске атсалысқан барлық маманға алғыс білдіріп, ұжымды жаңа белестерге шақырды. Оның айтуынша, зауыттың іске қосылуы – үлкен еңбектің, жүйелі жұмыстың, жауапты көзқарастың нәтижесі.
«Өңірде өңдеуші өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары қарқынды дамып келеді. Осы бағыттарда басталған тың жобалар өңірдің болашақтағы экономикалық тірегіне айналмақ. Жаңа өндіріс ордасының ашылуы тек экономикалық жаңалық емес, бұл – өңір тұрғындары үшін үлкен үміт, жас мамандар үшін мүмкіндік, ал Жетісудың болашағы үшін жарқын жолдың бастауы», дейді Қ.Мұсанов.
Жаңа зауыт – тек құрылыс индустриясына емес, жалпы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беретін бастама. Біріншіден, жергілікті халыққа жұмыс орны ашылады. Екіншіден, аймақтағы құрылыс компаниялары сапалы отандық өнімге қол жеткізеді. Үшіншіден, өндіріс импортты алмастыру саясатына нақты үлес қосады. Кәсіпорынның өндірістік директоры Дәурен Нұралы зауыттың жұмысы мен артықшылықтары жөнінде айтып өтті.
«Бізде шығарылатын автоклавты қатайтылған газдалған бетон кірпіштер заманауи талаптарға сай. Олар Қытай технологиясы бойынша өндіріледі, ал жабдықтар халықаралық стандарттарға жауап береді. Жергілікті мамандар арнайы оқудан өтіп, заманауи технологиямен жұмыс істеуге бейімделді. Біздің өнімнің басты артықшылығы – жылу сақтау қабілетінің жоғары болуы. Қыстың қақаған суығында – үйді жылы ұстаса, жаздың аптабында – салқындықты сақтайды», деді Дәурен Нұралы.
Зауыттың тегін жатақханасы бар. Қызметкерлер күніне үш рет ыстық тамақпен қамтылады. Жұмысқа орналастырылған мамандар арасында Ақсу ауданынан келген жас отбасы да бар.
«Зауытқа бірінші болып өзім, содан кейін жұбайым орналасты. Менің мамандығым тәрбиеші, күйеуім ІТ саласының маманы. Отасқанымызға 8 жыл болды, үш баламыз бар. Зауытта арнайы дайындықтан өттім, қазір табысты жұмыс істеп келемін. Жұмыс кестесі жас отбасымыз үшін қолайлы, жалақымыз тұрақты», дейді Минар Дүйсебек.
Жетісу облысы