Өндіріс • 22 Шілде, 2025

Тау-кен өндірісіне арналған қызметтердің 87,6%-ы онлайн форматқа көшірілді

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев  тау-кен кешенін цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тау-кен өндірісіне арналған қызметтердің 87,6%-ы онлайн форматқа көшірілді

Фото:Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Министрдің айтуынша, есепті жылы азаматтар мен ұйымдар үшін тау-кен саласында 15 мемлекеттік қызмет қолжетімді болған, олардың 14-і онлайн форматта көрсетілген. Жалпы бір жыл ішінде 979 мың қызмет көрсетілсе, оның 919 мыңы электронды түрде жүзеге асқан. Бұл көрсеткіш барлық қызметтердің 87,6%-ын құрайды.

Сұранысқа ие мемлекеттік қызмет түрлері келесідей:

  • Тау-кен және химиялық өндірістерді пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия беру — 462 қызмет;
  • Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында немесе одан тыс жерлерде тауарларды қайта өңдеу шарттары туралы құжат беру — 437 қызмет;
  • Геологиялық және (немесе) тау-кен бөлімдерін беру және қайта ресімдеу — 55 қызмет.

Сонымен қатар Жаслан Мәдиев тау-кен саласындағы бизнес-үдерістерді реинжинирингтеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл шаралар мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау аясында жүзеге асырылып жатыр.

Министр реинжиниринг мысалы ретінде геологиялық және тау-кен бөлімдерін беру және қайта ресімдеу үдерісін келтірді. Бұрын бұл рәсімдер қағаз түріндегі өтініштер, электрондық пошта немесе e-Otinish жүйесі арқылы жүргізіліп, деректер қолмен тексерілетін. Бұл қарау мерзімін ұзартып, қателіктер қаупін арттыратын.

Айта кетейік, қазір бұл үдеріс толығымен автоматтандырылған. Өтініштер жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай онлайн платформасы — minerals.e-qazyna.kz арқылы қабылданады. Платформада шектеулерді автоматты түрде тексеретін жүйе мен жер қойнауын пайдаланудың интерактивті картасы іске қосылған.

«Бұл кезеңдердің санын 45%-ға қысқартты және бизнес рөлдерінің санын 35%-ға азайту арқылы әкімшілік жүктемені төмендетті. Үдерістің тиімділігі, ашықтығы мен ыңғайлылығы артты, адами фактордың әсері азайды. Сонымен қатар, ыңғайлы онлайн үдерістің арқасында пайдаланушылар тарапынан сенім нығайды», деді министр Жаслан Мәдиев.

 

Соңғы жаңалықтар