
Фото: Informburo.kz
Бұған дейін бұл қызмет тек eGov.kz электронды үкімет порталында ұсынылатын. Енді қолданушылар оны смартфон арқылы жылдам әрі ыңғайлы түрде пайдалана алады.
Қызмет кемінде бір семестр білім алған әскери оқу орындарының бұрынғы курсанттарына арналған. Өтініш цифрлық форматта қалыптастырылады, ал қажетті деректердің басым бөлігі мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде жүктеледі. Бұл процесті жеңілдетеді. Алайда, өтінішті оқудан шығарылған күннен бастап бір жыл ішінде ғана беруге болатынын ескеру қажет.
Қызметті пайдалану тәртібі:
- eGov Mobile мобильді қосымшасына кіріп, авторизациядан өту қажет;
- «Қызметтер» – «Әскери есепке алу» бөліміне өту;
- «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қайта қабылдау» қызметін таңдау;
- Оқу орны мен оқудан шығарылған мерзім туралы ақпаратты көрсету;
- Жеке деректерді өңдеуге келісім беру;
- Қажетті құжаттарды жүктеу;
- ЭЦҚ немесе баламалы әдістер арқылы өтінішке қол қою қажет.
Аталған қызмет тегін көрсетіледі. Қарау мерзімі – 20 жұмыс күні. Өтініштің нәтижесі «Жеке кабинет тарихы» бөлімінде көрсетіледі. Егер қайта қабылдауға негіз болмаса, пайдаланушы дәлелді бас тарту туралы жауап алады.
Айта кетейік, цифрлық жаңалық ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және ҚР Қорғаныс министрлігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асты.