Спорт • Бүгін, 08:25

Жарыс күнделігі

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бішкекте күрес түрлерінен Азия біріншілігі (U-20) аяқталды. Еліміздің грек-рим күресі шеберлері жарысты алты медальмен қорытындылады. Темірлан Тұрдақын (87 кг) мен Диас Сейітқалиев (82 кг) бас жүлдені олжаласа, Омар Дүйсенбек (77 кг) фи­налда ұтылды.

Жарыс күнделігі

Мұсан Ерасыл (55 кг), Ес­­бол Шә­мілов (63 кг), Әлихан Дүрсінов (72 кг) қо­лаға қол созды. Еркін күрес жарысын­да 125 кг салмақ дәрежесінде белдескен Едіге Қасымбекке тең келер ешкім табылмады. 17 жастағы балуан жартылай финалда үндістандық Сингх Яспораннан, финалда моңғолдық Наратұлға Дармаабазардан басым түсті. Нұрданат Айтанов (57 кг) пен Камил Куруглиев (97 кг) екінші орын алды. Алан Оралбек (61 кг) пен Досжан Құл-Ғайып (74 кг) үздік үштікті түйіндеді. Әйелдер күресінен Анна Стратан (57 кг) мен Мейрамгүл Мақсот (72 кг) қола медаль иеленді.

  • Спорттық құзға өрмелеуден Франция­ның Шамони қаласында өтіп жатқан әлем кубогінде Ришат Хайбуллин күміс медаль иеленді. Финалға еркін жеткен қазақ жігіті шешуші тұста америкалық Самуэль Уотсонға есе жіберді. Әмір Маймұратовтың да жеңіс тұғырына көтерілуіне мүмкіндігі болды. Бірақ ширек финалда қателік жіберген ол испаниялық Эрик Ноя Кардонаға жол берді.
  • Таеквондодан Оңтүстік Кореяның Муд-жин қаласында өткен «World Taekwondo Diamond Game 2025 G-4» турнирінде еліміздің құрамасы сәтті өнер көрсетті. Құрамында Мерген Ғаниев, Абдурахмон Марипов, Кәмила Аймұқашева, Аида Тәукенова сынды спортшылары бар жерлестеріміз аралас командалық сайыста финалға дейін жетіп, бас жүлде жолындағы тартыста Өзбекстанның B құрамасынан 0:2 есебімен ұтылды. Жекелеген сайыста Бекасыл Ергеш (80 кг) пен Аяулым Асқар (67 кг) күміс жүлде еншілесе, Нұрбек Ғазез (68 кг) бен Алмира Қанат (57 кг) қола медаль иеленді.
  • Бокстан әлем және Азия чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов кәсіпқой рингтегі тұсаукесер кездесуін сәтті аяқтады. Алматыда ұйымдастырылған жарыста Тараздың тумасы әзербайжандық Ниджат Хасановты (5-0-2, 2 КО) ұтты. Бес раунд бойы таяқ жеген қарсыласы жекпе-жекті одан әрі жалғастырудан бас тартты.