
Сурет: senate.parlam.kz
Атап айтқанда, Сенат депутаттары Ғалиасқар Сарыбаев пен Амангелді Толамисов Алматының тау бөктерінде төтенше жағдайдың алдын алу шараларымен танысты. Мұздықтар күрт еріген кезде халық зардап шекпейтіндей төтенше жағдайлардың алдын алу қажет. Депутаттардың айтуынша, оған осы бастан инженерлік құрылыстарды жаңғыртып, жағалау сызығын нығайту керек. Мұндай жұмыстар уақтылы жүргізілмесе, төтенше жағдайларға төтеп беру мүмкін емес.
«Гидрологиялық жағдайдың өзгерістеріне тұрақты мониторинг жүргізіп тұру керек. Сондықтан алдымен мекемеаралық өзара үйлестірілген іс-қимылды жолға қою қажет. Бұл – таулы аумақта тұратын халықтың қауіпсіздігін сақтаудың негізі», деді Ғ.Сарыбаев.
А.Толамисов те гидротехникалық инфрақұрылымды күтіп-ұстауға және дамытуға жүйелі көзқарас керек екенін айтты. Өйткені климат өзгеріп, халық саны өсіп жатқан кезеңде мегаполис тұрақты дамып отыруы қажет.
«Алматының мұздық көлдері мен бөгеттері су тасқыны мен селге қарсы қорғаныс жүйесінде шешуші рөл атқарады. Барлық мемлекеттік басқару құрылымдары нысандарды дұрыс пайдалануға басымдық беруге тиіс», деді сенатор.
Ал Сенат депутаты Айнұр Арғынбекова Абай облысына жұмыс сапары аясында Бородулиха аудандық мәслихатының депутаттарымен кездесті. Сенатор сондай-ақ аудан орталығында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арнап салынып жатқан тұрғын үйлерді аралады. Құрылысқа жергілікті жерде өндірілген материалдар пайдаланылып, жұмыс күшіне жергілікті тұрғындар тартылған. А.Арғынбекова Камышенка ауылындағы 100 орындық демалыс орталығының құрылысымен де танысты. Нысанның құрылысы кесте бойынша жүргізіліп жатыр, күзде пайдалануға берілмек.
Сенатор Амангелді Нұғманов Ақтөбе облыстық полиция департаментінің жұмысымен, жеке құрамның қызметімен және негізгі бөлімшелерімен танысты. Құқық қорғау органдарының деректері бойынша қазір облыста тұрақты ахуал сақталып отыр. Өңірде жыл басынан бері 240-тан аса әйел психологиялық және заң көмегін алып, 43 әйел мен 99 бала дағдарыс орталығына орналастырылған.
Сенатор қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтың алдын алудағы және азаматтарды қорғаудағы полицияның маңызды рөлін атап өтті. Депутат сонымен қатар 10 мыңнан аса камерасы бар бейнебақылау жүйесімен жабдықталған жедел басқару орталығында да болды. Технология құқық бұзушылықтарды тиімді бақылауға және алдын алуға, сондай-ақ қала мен аудандардағы қауіпсіздікті жедел бақылауға мүмкіндік береді. А.Нұғманов полиция жұмысының сервистік үлгіге көшуін, халықпен кері байланысты дамыту мен учаскелік инспекторлардың ашықтығы және қолжетімділігін арттыруға бағытталған бастамаларын жоғары бағалады.
Сенаторлар Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов Қызылорда облысындағы Қармақшы және Қазалы аудандарында болды. Қазір Қармақшы ауданында Дүр Оңғар, Иіркөл және Төребай би ауылдарында газ жеткізу жұмыстары жүріп жатыр. Депутаттар жергілікті билікке қашық елді мекендер негізгі инфрақұрылым игіліктерінен құр қалмау керек екенін ескертті. Сондай-ақ олар Қазалы ауданында Сырдария өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысымен де танысты. Бүгінде бұрын тоқтап қалған көпір құрылысы қайта жанданып жатыр. Мәдени мұраны сақтау мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
«Қармақшы және Қазалы аудандарының тарихи және мәдени әлеуеті зор. Жалпы, ауылдарды дамыту, газ, су, жол және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді Парламентте жүйелі түрде көтере береміз», деді Р.Рүстемов.