
Дүниежүзілік деңгейдегі дүлдүл 2023 жылы «Қазақстанның халық әртісі» атанған. Даңқы жер-жаһанға жеткен Димаш атаққа кенде емес қой, сөйтсе де Алатаудың бергі жағында туған ұлдың даңқы арғы бетінде де ресми бекітіліп жатқаны сүйініш, әрине. Бұл бауырлас екі ел арасындағы жарастықты білдіргендей. Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың жарлығына сәйкес марапатты Димашқа сол елдің Мемлекеттік хатшысы Марат Иманқұлов табыстады.
«Мейкин Азия» халықаралық музыка фестивалі 20–22 шілдеде Ыстықкөлде өткен. Оған Азия мен Еуропаның жиырмадан астам елінен өнерпаздар қатысса керек. 2013 жылдан бері ұйымдастырылып жүрген фестивальдің тұңғыш бас бәйгесін Димаш Құдайбергеннің өзі қанжығасына бөктеріпті. Осы жолы фестивальдің жабылу салтанатында өнер көрсеткен әнші әлгіндей марапаттан соң: «Бұл марапат болашақта екі ел арасында мызғымас бірлік үшін жасалатын қызметке аванс ретінде берілді деп қабылдаймын. Қазақ пен қырғыз халқы достығының символы деп білемін. Қазақ халқына көрсетілген құрмет деп түсінемін», депті.
Димаштың әкесі Қанат Айтбаев жеке парақшасына: «Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өткен халықаралық эстрадалық әншілер фестивалінде Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың жарлығымен Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергенге екі ел арасындағы достық құрметіне Қырғызстанның Халық әртісі атағы берілді», деп жазды.
Даңқты әншіміздің Түркі дүниесіндегі абыройы жақсылыққа, бірлікке жолбасшы болғай!