Аймақтар • Кеше

Достықты дәріптеген мұрал салынды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл арт-нысан Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына арналған. Талдықорған қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінің қабыр­ғасына салынған сурет еліміздегі этностар­дың татулығы мен мәдени өмірін айшықтап тұр.

Достықты дәріптеген мұрал салынды

Суретті түсірген – Жұмабай Мұсабек

Өңірде 70-тен астам эт­нос өкілі тұрады. Олар­дың бәрі облыс ор­та­­лығында орналасқан Дос­тық үйімен тығыз байланыста һәм ұлт­тық мерекелерде белсенді қыз­мет көрсетеді. Бұл туын­ды­ның өмірге келуіне де олардың шынайы қарым-қатынасы себеп бол­ған. Арт-нысан Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты сақтау жо­лындағы маңызды рөлін көркем бейнелейді.

Ауқымды мұралда түр­лі этнос өкілдерінің кел­­беті, ұлттық нақыштағы ою-өрнектер мен достықты білдіретін белгілер бейнеленген. Сонымен қатар Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойына қатысты элементтер де көрініс тапқан. Туындыны жас суретшілер тобы бі­рі­гіп салған. Жобаның идея­лық негізі мен көркем­дік тұжырымын Жетісу облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен өңірдегі шығармашылық ұйымдар бірлесе дайындаған.

«Биылғы мерейтой «Бір­­лік пен келісімнің 30 жылы» деген ұранмен аталып өтіп жатыр. Осыған орай, об­лыс көлемінде түрлі фор­мат­тағы іс-шара­лар ұйым­­дастырылып жатыр. Солар­дың бірі – осы мұрал. Қа­быр­ға суретінде этнос­тар арасындағы ортақ бола­­шақ, ұлттық мұра мен құн­­дылықтарды бірікті­ре­тін көркем бейнелер жи­нақ­талған. Әрбір деталь – хал­­қымыздың тарихына, мәде­ниеті мен бірлігіне көр­се­тілген ілтипат», дейді облыстық «Қоғамдық ке­лісім» мекемесінің басшысы Еркебұлан Ақболатов.

Мұрал салынған «Қара­тал» шағын ауданының 18/2-үй тұрғыны Олеся Алахвердиева да бұл игі бас­тамаға оң бағасын берді.

«Мұндай көркем туындылар қаламыздың ажарын ашып қана қоймай, тәрбиелік мәні зор ойды жеткізеді. Бұл арт-нысан халқымыздың бейбіт өмір сүруге деген ұмтылы­сын, мәдениет пен келісімге не­гіз­делген бірлігін нақты түр­де айшықтап тұр», деді ол.

 

Жетісу облысы