
Гвардия старшинасы Ақылбек Қиықов – Біржан сал ауданына қарасты Құдықағаш ауылының тумасы. 1941 жылдың тамыз айында 20 жасында өзі сұранып майдан даласына аттанған. Алдымен Қарағандыдағы қысқа мерзімді атқыштар даярлайтын курста оқыпты. Ақмолада жаңадан жасақталған 29-дивизияның 294-атқыштар полкіне қабылданып, Сталинград, Тула, Киев, Курск маңындағы қиянкескі шайқастарға қатысқан. 1942 жылдың наурыз айында ажал аңсаған қорғасын оқ жаңбырша жауып тұрған майдан даласында жараланып, емделіп шыққаннан кейін қайтадан жасақталған 87-атқыштар дивизиясының 1378-полкінің құрамында Сталинград қаласын қорғауға жіберіледі.
Екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы ең шешуші бұл шайқасқа немістер бар күшін салып, 30 дивизиясын, 500 танкісін жұмылдырғаны белгілі. Ал Верхнекомский хуторы маңындағы ұрысқа алғаш рет «Тигр» танкісі қатыстырылды. Фашистердің ондағы көздеген мақсаты Сталинград түбінде қоршауда қалған фельдмаршал Паулюстің армиясына жол ашу еді. Басымдыққа ие болу үшін екі жақ та бар күш-жігерін сарқа жұмсап, алуан түрлі айла-тәсілдерін қолдануға тырысып бақты. Сталинградтан шамамен 40 шақырым жердегі Верхнийкомский хуторы маңындағы сұрапыл шайқаста 1358 атқыштар және 55-танк полкі ентелеп келген жаудың жолын бөгеп, қарыс қадам кейін шегінбей, бекіністі ұстап тұрды. Сталинград шайқасы жайында офицер артеллирист, жазушы Юрий Бондарев «Горячий снег» романын жазды, кейін фильм де түсірілді. Өкінішке қарай, осы шайқаста кеңес жауынгерлері көп шығынға ұшырады.
– Әкемнің бөлімшесі үш айдай қоршауда қалып, әрең дегенде бұзып шығып, кеңес жауынгерлеріне қосылған екен, – дейді Біржан сал ауданының құрметті азаматы Қайыргелді Қиықов. – Осы ұрыста қаза тапқан 960 жауынгер жерленген бауырластар зиратындағы тізімінде 210-нөмірмен әкемнің аты-жөні тайға таңба басқандай әлі күнге дейін жазулы тұр. Бұл ақпаратты біз 2016 жылы ғана білдік. Қызым Жанар соғыста хабарсыз кеткендерді іздестіріп жүргенінде атасы жайлы осы мәліметті тапқан. Алғашында бәріміз қайран қалдық. Майданнан елге аман-есен оралған әкей дүниеден өткенше өзінің бауырластар зиратында жерленгені туралы жалған ақпаратты білмей кетті.
Старшина Ақылбек Қиықов зұлым жауды өкшелей қуып, қызыл әскермен бірге Днепр, Дон өзендерін кешіп өтіп, Еуропа жеріне аяқ басады. 1945 жылғы сәуір айында Эмба өзені үшін болған қиянкескі шайқаста омыртқасы мен белінен ауыр жарақат алып, Львов қаласындағы госпитальда емделеді. Бірнеше мәрте күрделі ота жасалғандықтан, госпитальдың бас әскери дәрігері жеке күтім жасау қажет деп нұсқау береді.
– Сол маңдағы әскери бөлімшелерде жауынгер қыздар ұрыс сәл саябырлаған кезде госпитальға келіп, жаралы жауынгерлерді күтеді екен. Қаумалаған қалың өртке су сепкен қарлығаш тәрізді жанашырлықтары ғой. Көкшелік ержүрек сарбаз Львовтағы 183-қызылтулы зениттік артиллериялық полктің аға сержанты Лидия Червериковамен осы емханада танысады. Лидия анамыз болашақ өмірлік жарын жан жадыратар жылы сөзімен, мейірім тұнған жүзімен, тәніне қуат берер шипалы алақанымен аялап, қаншама ұйқысыз түндерін өткізген. Бейтаныс қыздың мейірімділігіне, ыстық ықыласына көңілі толған Ақылбек әкеміз бірден ұнатып қалса керек, – дейді Қайыргелді аға.
Осылайша майдан даласында тағдыр табыстырған екі ғашық 1945 жылдың 9 мамырдағы Жеңіс күнін госпитальда қарсы алып, жараларын емдетіп жатқан сарбаздармен бірге қарапайым үйлену тойын жасайды. Соғыс аяқталған соң бірнеше ай Львовта тұрады. Кешегі майдангер балалар колониясының коменданты Лидия әже – сол жерде тәрбиеші.
Курск облысы Хомутов ауданындағы Плоское селосының тумасы Лидия Четверикова 1940 жылы педагогикалық училищені бітіріп, мектепте сабақ беріп жүрген кезінде тұтқиылдан басқыншы жау басып кіріп, елді мекені отқа оранады. Мектеп ұжымы эвакуацияланады. Әйтсе де, Отан алдындағы борышымды өтеймін деген өжет қыз майданға сұранады. Қысқа мерзімді әскери курсты тәмамдап, Воронеж майданына зенитші мерген ретінде ұрысқа кіреді. Майдан даласындағы өжеттігі, ерлігі ескеріліп, аға сержант атағын алады. Воронеж, Львов, Курск қалаларын азат еткені үшін Қызыл Жұлдыз, екінші дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен, бас қолбасшының грамотасымен марапатталады.
Денесінде қалған снаряд жарықшақтарынан көп зардап шеккен екінші топтағы мүгедек Ақылбек әкей 1945 жылдың желтоқсанында туған елдің төсіне оралады. Қарулас серігі Лидияға Қазақстанға бірге баруға ұсыныс жасағанда келіссе керек.
– Әкей шалғайдағы Құдықағаш ауылына болашақ жарын ертіп келеді, – дейді ұлы Қайыргелді. – Шалғайдағы шағын ауылдың барлығы – жергілікті ұлт өкілдері. Анамыз ауылдастарымен тез тіл табысып кетсе керек. Бәлкім, махаббаттың құдіреті шығар. Бірте-бірте қазақтың көркем тілі мен мазмұн-мағынаға бай салт-дәстүрін үйренген. Кейін ислам дінін қабылдап, Мәриям есімін алған.
Жаратылысынан еті тірі, қолынан іс келетін Ақылбек Қиықов колхоз өміріне араласып, соғыстың салдарынан күйреп қалған ауыл шаруашылығын түзету ісіне кіріскен. 1947–1975 жылдары Жаңарқа селолық кеңесінің төрағасы, Құдықағаш, Сәуле ұжымшарларының басқарма төрағасының орынбасары, Құдықағаш ауылындағы байланыс бөлімшесінің бастығы болып жұмыс істейді. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Даңқ», «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталады.
Лидия ана зейнеткерлікке шыққанша ауыл мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. Сұрапыл соғыс даласында тілегі мен ниеті бір арнада тоғысқан Ақылбек әкей 85 жыл, Лидия әжей 88 жыл ғибратты ғұмыр кешті, перзенттерін тәрбиелеп өсірді, немерелерінің маңдайынан сүйді. Майдангерлердің бар болмысы, кісілік келбеті, өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа ғибратты үлгі боларлық.
Ақмола облысы,
Біржан сал ауданы