
Фото: БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінен
Азия құрлығындағы беделді додаға биыл 5 мемлекеттен 6 үздік команда қатысқан еді. БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бәсеке өте қызу болған. Қазақстан атынан сынға түскен «Jaiyq» клубы еліміздің тәжірибелі бапкері Виктор Козиктің жетекшілігімен сәтті өнер көрсетіп, ел волейболының беделін тағы бір мәрте асқақтатты.
Бір апта бойы өткен тартысты чемпионатта «Jaiyq» командасы Kirgyzstan клубын, жергілікті Club HDC және Dhivehi Sifainge club командаларын 3:0 есебімен, Шри-Ланканың Ports Authority командасын 3:1 есебімен жеңген. Жалпы турнир барысында 6 матчтың 5-еуінде жеңіске жеткен «Jaiyq» клубы Орталық Азия деңгейінде үздік екенін дәлелдеп шыққан.
Турнир қорытындысы бойынша да «Jaiyq» клубының бірнеше ойыншысы үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтқанда Виталий Эрдштейн – турнирдің үздік ойыншысы, сондай-ақ үздік диагональші атанса, Володимир Ковальчук – үздік байланыстырушы, Владимир Прокофьев – үздік шабуылшы деген атаққа ие болды.
«Бұл турнир – біз үшін тек жарыс емес, еліміздің намысын қорғау жолындағы маңызды қадам болды. Жеңістеріміз – бүкіл Қазақстан волейболының жеңісі», – дейді клуб директоры Азамат Нұрмұханбетов.
Батыс Қазақстан облысы