
Сурет: blog.colobridge.net
Nazarbayev University жанындағы Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) отандық инженерлер әзірлеген жаңа буын жасанды интеллект жүйелерін таныстырды. Олардың басты артықшылығы – қазақ тілін шетелдік баламаларға қарағанда терең түсініп, анағұрлым дәл өңдей алатынында. Жүйелер қазақша сөйлем құрылымын, тілдік ерекшеліктерін, диалектикасын, тіпті мәдени контексті де ескеріп, мәтіннің мағынасын сақтай отырып талдайды. Инженерлер қазақ қоғамының мәдени ерекшелігін ескеріп, ұлттық қауіпсіздік пен цифрлық тәуелсіздікті қамтамасыз етуді негізгі ұстаным еткен.
«Oylan»
«ISSAI» инженерлері 5 түрлі жасанды интеллект жасаған. Біріншісі «Oylan 2.5». Бұл жүйе кез келген сұранысыңызға жауап бере алады. Тіпті аудио хабарламаларды қабылдап, өңдеу функциясы бар. Ол қазақ тілін жақсы меңгерген, оның ішінде диалектілер мен бейресми сөйлеу формаларын да түсінеді. Сонымен қатар Президент бастамасымен қолға алынған реформаларға сәйкес қазақ тілінің латын графикасын таниды. «OYLAN» еліміздің мәдениеті мен әлеуметтік контекстін ескеріп жұмыс істейді. Әсіресе білім мен бизнес салаларында деректердің құпиялығы ерекше маңызды болғандықтан, бұл модель жабық инфрақұрылымда орналастырылған және қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Ол құқықтық әрі этикалық талаптарға сай жұмыс істейді.
«MangiSoz»
Бұдан бөлек, «ISSAI» ұсынған «MangiSoz 2.0» жүйесі сөйлеуді тану, көптілді аударма сервисі. Ол қазақ, орыс, ағылшын, түрік, қытай тілдерін жоғары дәлдікпен өңдей алады. Қолданушылар сервисті веб-платформа (mangyzsoz.nu.kz) арқылы немесе API интерфейсі арқылы пайдалана алады. «MangySoz» чат-боттарға, дауыстық көмекшілерге, call-орталықтарға, білім және мемлекеттік жүйелерге оңай енгізіледі. Барлық мәлімет ел аумағында, нақтырақ айтқанда Назарбаев Университетінің дата-орталығында өңделеді, яғни ақпарат шетелге шығарылмайды. Сонымен қатар пайдаланушылардың деректері сақталмайды және ешкім оны оқи оқылмайды.
«TilSync»
Ал «TilSync» жүйесі ілеспе аударма жасай алады. Бұл жүйе әртүрлі видеоконференцияларда түрлі тілдер арасында тікелей аударма жасап, ақпарат алмасуды жеңілдетеді.
«Beynele»
Тағы бір тың шешім – «Beynele» жасанды интеллекті. Ол тек қазақы нақышта сурет салады. Отандық мәдениетке, ұлттық ою-өрнектерге, тұрмыстық ерекшеліктерге негізделген жоғары сапалы суреттер жасайды. Бұл құрал педагогтер мен медиа жоба жасаушылардың жұмысын жеңілдетіп, ұлттық мазмұндағы визуалды материалдарды тез әрі дәл салуға мүмкіндік береді.
«Mangitas 02»
Осы жүйелердің негізі – «Mangitas 02» атты отандық инференс серверінде жатыр. Бұл – шетелдік бұлттық жүйелерден тәуелсіз, қауіпсіз, жергілікті мәліметтермен жұмыс істейтін ЖИ сервері. Мемлекеттік мекемелер мен мектептерде қолдануға оңтайлы.
«Жасанды интеллект жүйесінің тиімділігі ең алдымен инфрақұрылымға байланысты. Бұл – үйдің іргетасы секілді. Егер мықты инфрақұрылым болмаса, әлемдегі ең үздік модельдердің өзі толыққанды жұмыс істей алмайды. Бүгінде елімізде суперкомпьютерлер жетіспейді. Иә, бұл бағытта Президенттің тапсырмасымен алғашқы қадамдар жасалды. Алайда олардың толық жұмыс істеу механизмі мен қолжетімді тарифтері әлі де нақтыланбаған. Бұдан бөлек, АҚШ пен Еуроодақ тарапынан енгізілген экспорттық шектеулер де еліміздің техно-логиялық дербестігіне тосқауыл болып отыр.
Сол себепті біз өзіміздің ішкі серверлік инфрақұрылымымызды «Mangitas 02» жобасын қолға алдық. Бұл – бізге сыртқа тәуелді болмай, өзіміздің тәжірибемізді, зерттеулерімізді, моделдерімізді осында, ел аумағында жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Ал енді алдағы жоспарларға келсек – біз әрқашан пайдаланушыларымызбен кері байланыста боламыз. Қолданушылардан келетін пікірлер мен ұсыныстар біздің өнімдерді үздіксіз жетілдіруімізге негіз болады. Біз үшін ең басты бағалау өлшемі – халықтың сенімі», дейді «ISSAI» «ІТ» өнімдер менеджері Әмина Байкенова.
«ISSAI» бас директоры Хусейн Атакан Варол бұл жетістік қазақ тілін цифрлық жүйеге енгізіп қана қоймай, мәдениетімізді де заманауи форматта сақтаудың жолы екенін атап өтті.
«Қазақ тілі мен мәдениетінің цифрлық кеңістікте өз орнын табуы – осы технологиялар арқылы жүзеге асады. Қазақстан халқы өз тілінде және өз ережелерімен озық интеллектуальды жүйелер жасай алатынын дәлелдеп отыр. Бұның барлығы қазақстандық зерттеушілердің, инженерлердің, деректер саласынлағы мамандардың таланты мен еңбегінің арқасында жүзеге асып отыр», деді ол.
Айта кетейік, 2019 жылы құрылған «ISSAI» бүгінде 70-тен астам зерттеуші мен инженерді біріктіріп, тілдік технологиялар, білім, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, қауіпсіздік салаларында белсенді жұмыс істеп жатыр.