
Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділхановтың айтуынша креативті орталықтың мақсаты – шығармашылық және креативті жобаларды іске асыру, жаңа идеялар мен технологияларды қолдау, креативті салалар арасындағы өзара әрекеттесуді күшейту, жаңа құралдар мен білімді, тәжірибені қолжетімді ету, креативті индустрияның экономикадағы үлесін арттыру.
Креативті хабта «Сақ» киностудиясы, қолөнерші, дизайнер, зергерлер мен суретшілер бар. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, «Shymkent Creative Hub»-та креативті индустрияны дамытуға, жаңа идеяларды жүзеге асыруға және шығармашылық жобаларды қолдауға арналған бірнеше функционалдық бөлім жұмыс істейді. Атап айтқанда, көрме аймағы, подиум аймағы, «Сақ» киностудиясы, жұмыс аймағы, шоу-рум, іс-шаралар, кездесулер мен конференциялар өткізуге арналған конференц-залдар қарастырылған.
Контент-мейкерлерді қолдау мақсатында «Shymkent Creativе Hub» ғимаратында шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Онда танымал видеограф және блогер Әділет Рахметолла тәжірибесімен бөлісіп, қатысушыларға кәсіби деңгейде контент жасау тәсілдерін үйретті. Қатысушылар үш күнде контент жасаудың заманауи әдістерін үйреніп, өз шығармашылық әлеуетін арттыруға мүмкіндік алды. Сондай-ақ әр қатысушыға өз контентін туризм саласында қалай тиімді жариялап, Шымкенттің ең әдемі жерлерін көрсетуге болатыны туралы кеңестер берілді. Одан өзге, «Shymkent Creative HUB» орталығында «Креативті индустрияны дамыту: адамдар, идеялар және кеңістік» атты республикалық жиын өтті. Жыл басынан бері «Shymkent Creative HUB» бастамасымен 16 жәрмеңке ұйымдастырылып, іскер азаматтар тауарларын саудалау арқылы 3 млн теңдеген астам пайда тапты. Айта кеткен жөн, Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасының жанынан «Креативті индустрия ассоциациясы» құрылып, бүгінгі күні қауымдастық құрамында 150-ден астам креативті индустрия субъектісі тіркелген.
«Қазір креативті хабта шығармашылық саласында оқитын студенттерге, жас кәсіпкерлерге, инклюзивті балаларға арнап апта сайын шеберлік сағатын, фестивальдар, шығармашылық кештер, оқу-семинарлары мен сән қойылымдарын өткізіп отырамыз. Сонымен бірге «Сақ» киностудиясы «Тоқты мен Серке» толықметрлі анимациялық фильмінің түсірілімін аяқтап, биыл 3 шілдеден бастап еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіле бастады», деді Б.Әділханов.
Үкіметтің 2023 жылғы 6 маусымдағы №448 қаулысымен креативті индустрияға жататын 43 экономикалық қызмет түрінің тізбесі бекітілген. Ресми статистикалық деректе бүгінде Шымкент қаласында креативті индустрия саласында еңбек ететін 2 300 кәсіпкер тіркелген. Оның ішінде 1 824-і жеке тұлға болса, қалғаны заңды тұлға санатындағы кәсіпкерлер дейді маман.
Статистика департаментінің ақпаратына сәйкес 2025 жылдың 3 айында қалаға 100 088 турист келген. Шымкентте біржолғы сыйымдылығы 7 938 төсектік орынды құрайтын 149 қонақүй қызмет көрсетеді. 2024–2025 жылдар аралығында мегаполисте туризм саласы бойынша 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Оның 7-еуі былтыр қолға алынып, «Kazakh Hotel», «Aurum Hotel», «Diamond Hotel», «Siluet plaza», «Makhambet», «Mir Hotel»,«Cannes Hotel» қонақүйлерінің құрылысы тәмамдалып, пайдалануға берілді. Биыл сәуірде олардың қатарына «Mardan» қосылды. Жыл соңына дейін «Алтай», «Zeinnur-Tau», «Керемет» қонақүйлері ашылады. Аталған жобалардың инвестиция көлемі – 14,5 млрд теңге. 240 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамту көзделген. Сондай-ақ қалада «Hilton» қонақүйінің құрылысы жүріп жатыр. Жоспар бойынша келесі жылы пайдалануға берілуге тиіс. Қонақүй құрылысына 35 млн доллар жұмсалмақ. Нәтижесінде, 200 жаңа жұмыс орны ашылады.
Басқарма басшысының айтуынша, Бадам суқоймасы аумағында «Omir Shymkent» глэмпинг жобасы қолға алынып жатыр. Ол қала тұрғындары мен қонақтарына табиғат аясында заманауи және жайлы демалыс орнын ұйымдастыру, ішкі туризмді дамыту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және аймақтың туристік тартымдылығын арттыру секілді мақсаттарды көздейді. Сонымен қатар Ибрагим ата, Қарашаш ана, Әбділ Әзіз баб, Хызыр Мұнарасы кесенелері мен Дендросаябақ, Цитадель туристік аймақтарына турникеттер мен төлқұжаттар қойылды. Одан бөлек, «Спутник» гүлзары, «Тәуке хан» даңғылы, Иляев көшесі және «Арбат» жаяу жүргіншілер алаңында «4 – SMART» санитарлық-гигиеналық торап іске қосылды. Маманның сөзінше, бұл туристік сервисті жақсарту үшін қажет. Қазіргі уақытта Шымкент қаласында 17 туристік маршрут қызмет көрсетеді. Олардың ішінде Түркістан – Ташкент – Ақсу-Жабағалы – Шымкент 4 күндік туристік маршрутын туристер кеңінен қолданады. Биыл мамырда Алматы – Түркістан – Ташкент – Самарқанд – Шымкент – Алматы бағытымен «Jibek joly» туристік пойызы алғаш рет Шымкент қаласында аялдады. Қазір мегаполистен тікелей ұшатын 12 ішкі және 12 халықаралық әуе рейстері ашылған. «SCAT» әуе компаниясының Үрімші, Баку, Шанхай, Сеул, Сиань, Будапешт, Каир, Мюнхен қалаларына тікелей ұшатын рейстері бар.
«Шетелдік туристерге 2025 жылға арналған іс-шаралар күнтізбесі 3 тілде әзірленіп, туристік ұйымдарға, мейрамхана, қонақ үй және туристік оператор мен агенттіктерге жолданып, әлеуметтік желілерде жарияланды. Шетелдік туристерге арнайы әзірленген «Кazakhstan.travel» туристік порталына кіруге арналған QR-кодтар Шымкент қаласының халықаралық әуежайы, теміржол вокзалы, автовокзалдарда орналастырылды.
«Шымкентте осы күнде «Visit-shymkent.com» туристік порталы жұмыс істейді. Сондай-ақ интерактивті карта, цифрлық нысандардың «3Д-маршруттары», қонақүй мен мерекелік іс-шараларға билет алу немесе броньдау жүйесін енгіздік. Биыл «2ГИС» қосымшасына туристік нысандарды қостық, Сайрам тұрғын алабына 4 ақпараттық навигациялық тақта орнаттық. Алматы, Көкшетау, Өскемен қалаларында «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының туристік бұрышын аштық», деді басқарма басшысы Б.Әділханов.
Туризм басқармасы жыл сайын «ДәмДәсTour» гастрономиялық фестивалін ұйымдастырады. Ол аз уақыт ішінде шаһардың дәстүрлі мерекесіне айналып үлгерді. Аталған фестивальда 50-ден астам тамақтандыру орны өздерінің дәмі ерекше тағамдарын көпшілікке ұсынады. Мұнымен қоса шаһардың туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған кезекті ақпараттық «Blog tour» іс-шарасы өткізілді. Оған Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Украина, Үндістан елдерінен және Қазақстанның әр өңірінен келген 30-ға жуық танымал travel-блогер қатысты. Қала күні аясында «Drone show» іс-шарасы қолға алынып, аспанға 500 дрон ұшырылды. Бұл әдемі көріністі 50 мыңға жуық адам тамашалады.
Көпшіліктің есінде қалған іс-шараның бірі – «Арбат» аллеясында өткен «Street Food Fest» көше тағамдары фестивалі. Сол арқылы қаланың үздік көше тағамдары насихатталды. Фестиваль аясында аспаздар шеберлік сағаттарын өткізді, ал қолөнершілер көрме арқылы өз бұйымдарын таныстырды. Сонымен бірге «Мюнхен, Будапешт және Сиань» іс-шарасының да туризмді дамытудағы маңызы ерекше болды. Сол арқылы Шымкентті шетелге таныстыру мақсаты қойылды. Аталған қалаларға тікелей әуе рейстерінің ашылуы осы іс-шараның өтуіне мұрындық болды. Оған жалпы саны 90 агенттік пен оператор, қонақүй саласының мамандары қатысты. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, қаланың туристік әлеуетін арттырып, оқиғалы туризмді дамыту мақсатында жыл соңына дейін туристерді қызықтыратын имидждік іс-шаралар қолға алынбақ. Олардың ішінде «Қызғалдақ жолы», «Батпырауық фестивалі», «Жарық шамдар» сияқты қызықты фестивальдар бар.
Сыртқы байланыстар бойынша жыл басынан бері 25 дипломатиялық кездесу өткен. Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Сильван Гиоге бастаған француз кәсіпкерлерімен бірге B2B және G2B форматындағы кездесуде қала әкімдігі мен Француз Республикасының Қазақстандағы елшілігі арасында 2025–2028 жылдарға арналған ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды дамыту жөніндегі жол картасына қол қойылды. Сонымен қатар осы жол картасы аясында сәуір айында Париж қаласында Шымкент күндері ұйымдастырылды. Еуропалық одақпен өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында Еуропа елдерінің 18 елшісі алғаш рет Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. ҚХР-дің Қазақстандағы елшісі бастаған 12 қытайлық компания өкілі Шымкентте іссапармен болып, шаһардың инвестициялық әлеуетімен танысты. Сондай-ақ бауырлас Ош қаласы мэрінің бірінші орынбасары мен бизнес делегациясы Шымкент қаласына сапары аясында әкімдікпен бірге Қырғыз Республикасының құрметті консулдығын ашып, бірқатар меморандум түзді. Болгария Президентінің Қазақстанға ресми сапары барысында Шымкент пен Пловдив қалалары арасында бауырластық қарым-қатынас орнатылды.
Жоғарыда аталған игі бастамалардың жүзеге асуына қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының тартымды идеялары мен еңбегі елеулі үлес қосты.