Оқиға • Кеше

Астанада мас жүргізуші патрульдік көлікке соқтығысқан

50 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана прокуратурасының мәлімдеуінше қалада жүргізуші куәлігінен айырылған азамат мас күйінде көлік басқарып, полицейлерден қашуға тырысты. Ол бірнеше рет жол қозғалысы ережесін бұзып, ақыры патрульдік автокөлікпен соқтығысқан, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада мас жүргізуші патрульдік көлікке соқтығысқан

Фото: Жетісу облыстық полиция департаменті

Полицейлердің тоқтатпақ болған талабын елемеген мас жүргізуші сол тұстан бой тасалауға тырысқан. Қашу барысында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, айналадағы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген.

«Қылмыстық әрекет патрульдік автокөлікке соқтығысумен аяқталды. Бұзақы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан және өмір бойы көлік басқару құқығынан айырылды. Келтірілген материалдық шығын сотталушы тарапынан толық өтелген», деп хабарланды прокуратурадан.

Елорда прокуратурасы көлік жүргізу құқығынан айырылған адамның алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық мас күйінде көлік басқаруы, сондай-ақ мұндай адамға көлік құралын басқаруға мүмкіндік беру – ҚР заңнамасына сәйкес, өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айыра отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкелетінін ескертеді.