
Қазір ауыл аумағында барлығы 25 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген болса, оның ішінде 20 кәсіпорын келісімшарт негізінде, 5 кәсіпорын лицензия негізінде жұмыс істеп жатыр.
Маңғыстау облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл маңызды мәселе құзырлы орындар назарында. Нақтырақ айтсақ, бірнеше жыл бойы шетпелік тұрғындар ауыл маңындағы карьердегі жарылыс жұмыстарының дүмпуінен, шаң-тозаңнан, ауыр көліктердің қозғалысынан туындайтын экологиялық, материалдық мәселелерге шағымданып келеді.
Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы биылғы жартыжылдықта карьерлердің жұмысын бақылау мақсатында арнайы сынама жүргізді. Тексеру барысында 16 нүктеден алынған 66 сынаманың барлығы экологиялық нормаларға сәйкес келген. Сонымен қатар басқарма тарапынан 2023–2024 жылдар аралығында Шетпе ауылы маңындағы қиыршық тас өндіретін кешендерге жоспарлы мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде, келісімшарттық міндеттемелерін орындамаған 7 карьер мен экологиялық заңнама талаптарын бұзған 11 карьер анықталды. Аталған кәсіпорындарға 2025 жылғы шілде айында ресми ескерту хаттары жолданып, үш ай ішінде анықталған бұзушылықтарды жою талабы қойылды. Заң талабына сәйкес үш ай мерзім ішінде жер қойнауын пайдаланушылар келісімшарттың, лицензияның бұзылған талаптарын қалпына келтірмеген жағдайда, жер қойнауын пайдалануға берілген лицензиялар қайтарылып, келісімшарттары біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатылады.
Мұны Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекенов те растады.
– Шетпе ауылы маңындағы карьерлердің қызметін тұрақты бақылау мақсатында Маңғыстау облысы әкімінің өкімімен арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына құқық қорғау органдары, уәкілетті мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар кіреді. Бұл жұмыс тобы жер қойнауын пайдаланушылардың қызметінің заң талаптарына сай болуын қадағаламақ. Егер бұзушылықтар жойылмаса, тиісті шаралар қабылданып, заңға сәйкес карьерлерге шектеулер енгізіледі, – деді С.Дүйсекенов.
Осы көрсетілген жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан заңсыз өндіру жұмыстарын жүргізгендігі анықталған жағдайда 110 000 000 теңге айыппұл өндіріледі деп жоспарланып отыр.
Маңғыстау облысы