
Мемлекет тарапынан тағдырдың теперішіне тап болған жандардың толыққанды емделуіне, сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасалып отыр. Биыл Атырауда мүгедектігі бар жасөспірімдер ғана қызмет көрсететін инклюзивті кофехана ашылды. Осынау игілікті істі қолға алған «Зейін-Атырау» ерекше балаларды дамыту орталығы жанынан жұмысын бастаған алғашқы тамақтану орнына «BelYes» деген атау берілді.
Аталған орталық жетекшісі Әнуар Бегісбаевтің айтуынша, кофеханадағы даяшы қызметіне мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдерді тарту көзделген. Бастапқыда екі жасөспірім жұмысқа алынды. Олар келушілерден тапсырыс алып, дайындалған кофені, өзге де тағам түрлерін ұсынады. Алдағы уақытта мұнда жұмыс істейтін жасөспірімдердің қатары көбейеді.
«Орталықты ашқан Арайлым Нұғыманова ерекше балалардың қоғамнан алшақтамауын, күйзеліске түспеуін ойлап жүруші еді. Ол АҚШ-тағы осындай орталықтардың жұмысымен танысып келгеннен кейін мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдер жұмыс істейтін инклюзивті кофехана ашуды армандады. Бірақ Түркиядағы жол апатынан қаза тауып, көкейінде жүрген ісін жүзеге асыра алмады. Біз замандасымыздың бастаған игілікті ісін одан әрі жалғастырып, арманын іске асыруды мақсат тұттық», деді Ә.Бегісбаев.
Оның айтуынша, арнайы жоба аясында 10 жасөспірім арнайы оқыту курсынан өткен. Олар тек даяшы қызметін атқарумен шектелмейді.
«Кофехананы ашудағы мақсатымыз – тек табыс табу емес, мүмкіндігі шектелген жасөспірімдердің қатарластарынан тыс қалмай, күнделікті тіршілікке бейімделуіне атсалысу, ең бастысы еңбекке баулу. Өйткені мүгедектік санаты берілген жасөспірімдердің арасында талантты, жұмыс істеуге қабілетті жандар аз емес. Біз жас санатына қарамастан мүгедек жандарды қоғамнан алшақтататын болсақ, мұндай көзқарас оларға моральдық әрі психологиялық тұрғыдан ауыр соққы болады. Сондықтан осындай жандарға, әсіресе жасөспірімдерге мүсіркеу тұрғысынан емес, адамдармен толыққанды қарым-қатынас жасауына қолдау көрсетуді, кеңес беруді көздедік. Инклюзивті кофеханада жұмыс істейтін жасөспірімдер тәжірибе жинақтайды. Өзінің әлеуетін ашып, қоғам ісіне араласуына мүмкіндік алады», деді Ә.Бегісбаев.
Кофеханада ерекше жасөспірімдер түрлі тағамдар пісіруге атсалысады. Қазірдің өзінде дәмі тіл үйіретін тәттілерді өздері дайындауға бейімделе бастады. Сондай-ақ тамақтану орнында кофе мен тағам түрлері, әсіресе тәттілер ғана ұсынылмайды. «Зейін-Атырау» ерекше балаларды дамыту орталығының қызметкерлері кофеханаға келушілерге мүмкіндігі шектелген балалардың өздері жасаған қолөнер бұйымдарын ұсынуды қолға алды.
«Қазір бұрынғыдай емес, шай мен тәтті сусындарды ішудің орнына кофенің дәмін татып көруге сұраныс көбейді. Кофехананы ашар кезде осыны ескердік. Ерекше қажеттілігі бар жасөспірімдерге жұмыс орнын ұсынып қана қоймай, олардың қоғамға кірігуіне ықпал еттік. Бұл – мақсатымыздың іске аса бастағанының көрінісі. Кофехана бір мезгілде 15 адамның тамақтануына есептелген. Бірақ кей күндері келушілер қатары бұдан да көп болады. Тұрғындар тарапынан мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдермен әңгімелесушілер, олардың көрсеткен қызметіне алғысын білдірушілер аз емес. Демек кофеханаға келушілер ерекше жандардың қызметіне қолдау көрсетуді шын көңілімен қалап тұрады. Мұндай қадам мүмкіндігі шектелген жасөспірімдерді жігерлендіреді. Олардың сервистік қызмет көрсетуге құлшынысын, қызығушылығын оятады», дейді орталық жетекшісі.
Атырау облысы