
Жас физиктер
Ұлттық құрама жақында Францияның Палезо қаласында өткен IPhO-2025 халықаралық физика олимпиадасында бес медаль жеңіп алды.
Биылғы сайысқа 90 елден 400-ден астам дарынды оқушы қатысқан. Жас физиктеріміз бұл жолы да үздіктер қатарынан көрініп, екі күміс, үш қола медальды олжалап қайтты. Тарқатып айтсақ, Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Әмірбек Азатбеков пен Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Бекасыл Елубай екінші орын алса, Астана қаласындағы «Spectrum» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Әмір Пішенбаев, Астана қаласындағы Nurorda мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Нұргүл Егенбергенова және Астана қаласындағы «Spectrum» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Артур Ким үшінші орынның тұғырынан көрінді.
Команданың ғылыми жетекшілері – PhD докторы, Сулейман Демирель университетінің ассистент-профессоры Самат Мақсұтов және халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Алишер Еркебаев.
Айта кетейік, физикадан халықаралық олимпиада 1967 жылдан бері өткізіледі және бұл сайыс әлемдегі ең беделді пәндік жарыстардың бірі саналады. Ал ұлттық құрама IPhO олимпиадасына 1997 жылдан бері тұрақты қатысып келеді.
Математика мықтылары
Аустралияда өткен IMO-2025 халықаралық математика олимпиадасында Қазақстан құрамасының қоржыны тағы алты медальмен толықты. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл білім бәйгесіне биыл 112 елден 650-ге жуық үздік жас математик қатысып, бақ сынаған. Ел намысын қорғаған оқушыларымыз төрт күміс, екі қола медальға қол жеткізіп, үздіктер қатарынан көрінді. Бұл – үлкен жетістік.
Халықаралық IMO олимпиадасына Қазақстан құрама командасы алғаш рет 1993 жылы қатысты. Содан бері жүлде қоржынымыз 16 алтын, 55 күміс, 81 қола медальмен толықты. Ал биылғы нәтижеге келер болсақ, Алматы қаласындағы «Haileybury Almaty» мектебінің оқушылары 11-сынып оқушысы Амирлан Аманжолов пен 12-сынып оқушысы Мирон Юркевич, Астана қаласындағы «Spectrum International School» мектебінің 11-сынып оқушысы Марғұлан Шарел, Алматы қаласындағы РФММ мектебінің 11-сынып оқушысы Амир Сахипов күміс медальға ие болса, Ақтөбе облысындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Ерқанат Кеншілік пен Алматы қаласындағы Nurorda мектебінің 10-сынып оқушысы Ерасыл Алтынбек қола медальға қол жеткізді. Оларға жетекшілік еткен — PhD докторы Асылбек Исахов пен халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы Қанат Сатылханов.
Үздік биологтер
Қазақстан құрамасы Филиппинде өткен IBO-2025 Халықаралық биология олимпиадасында тәуір нәтиже көрсетіп, төрт қола медальды қанжығаға байлады.
Осындай үздік нәтиже көрсеткен Қазақстан командасының құрамында Павлодар облысындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Ерсұлтан Қайыркен, Өскемен қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Батыр Ержанұлы, Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Айғаным Балташева, Алматы қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 8-сынып оқушысы Алихан Ашырханов бар. Команданың ғылыми жетекшілері – отандық ғылымды белсенді дамытып жүрген жас биолог-ғалымдар Лейла Асқарова мен Ильяс Сакимов.
Айта кетейік, биыл бұл білім додасына 80 елден 320-дан астам дарынды жас қатысты. Жалпы, IBO-2025 олимпиадасы екі кезеңнен тұрады. Алғашқы теориялық бөлімде оқушылар молекулалық және жасушалық биология, генетика, экология, эволюция және биожүйелеу бойынша күрделі есептерді шешеді. Ал практикалық кезеңде зертханалық жұмыстармен айналысып, биологиялық үдерістерді талдайды.
Ұлттық құрама 1994 жылдан бері IBO олимпиадасына қатысып келеді. Осы уақыт ішінде озат оқушыларымыз 2 алтын, 18 күміс және 56 қола медаль, сондай-ақ 12 құрмет грамотасын жеңіп алды. Еске сала кетейік, 2024 жылы бұл олимпиада Астана қаласында ұйымдастырылды.
Дарынды оқушыларды, олардың ұстаздары мен ата-аналарын осы жарқын жеңіспен құттықтаймыз!