
Елімізде Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттерді іске асыруды мониторингілеу жөніндегі парламенттік комиссия 2023 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы аралықта Орнықты даму мақсаттарын ілгерілетуге елеулі үлес қосқан комиссияның қызметі осы саладағы парламенттік бақылау, мекемеаралық өзара іс-қимыл және заңнамалық қамтамасыз етуді күшейтуге бағытталған.
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев төрағалық ететін комиссия су мен энергетика қауіпсіздігі, климат өзгерістерін және ESG-қағидаттарын енгізумен қоса ОДМ-ға қол жеткізуге байланысты негізгі мәселелерге ден қойған. Мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар және сараптамалық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен өткен отырыстарда орнықты даму саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру жөнінде нақты ұсынымдар әзірленді.
ОДМ Парламенттік комиссиясының хатшысы Ольга Булавкина БҰҰ ДБ-мен бірлесіп, Жерді пайдалануды бақылауды күшейтуге және браконьерлікпен күресуге бағытталған биоәртүрлілікті сақтау тұжырымдамасы нәтижелі жұмыстың бір көрінісі дейді. Оның айтуынша, Орталық Азияны орнықты дамыту жөніндегі кеңейтілген отырыста парламентаралық ынтымақтастық, ОДМ-ды ұлттық заңнамаға кіріктіру және орнықты мақсаттарға қол жеткізудегі жергілікті билік органдарының рөлін күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылған.
«Комиссия сондай-ақ гендерлік теңдік қағидаттарын құқықтық базада және стратегиялық құжаттарға енгізуге атсалысты. Бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату, «ерлер» салаларына жұмысқа орналасудағы бұрынғы кедергілерді алып тастау және әйелдердің саясаттағы рөлін арттыру, халықаралық міндеттемелерді орындау сияқты әлеуметтік кепілдіктерге жол ашады», деді О.Булавкина.
Сенат 2030 жылға дейін ОДМ-ға қол жеткізу үшін биліктің барлық тармағымен, азаматтық қоғамның және халықаралық серіктестердің өзара тиімді байланыс орнатуына мән беріп отыр. БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің қолдауымен саяси форум алаңында ОДМ бойынша еліміздің ерікті ұлттық шолуын жоғары бағалау, сондай-ақ халықтың пікірін, жаһандық мақсаттарға қол жеткізудегі инклюзивтілік пен әріптестік тәсілді ескере отырып, өңірлік тұрғыда орнықты даму мақсаттарын оқшаулау үдерісіне еліміздің ерекше назар аударып отырғанын көрсетеді.