Президент • Кеше

Президент S Sistem Lojistik компаниясының басқарма төрағасын қабылдады

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев S Sistem Lojistik компаниясының басқарма төрағасы Хусейн Барлинді қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент S Sistem Lojistik компаниясының басқарма төрағасын қабылдады

Фото: Ақорда

Кездесу барысында компаниямен логистика саласында өзара тиімді әрі ұзақ мерзімді серіктестік орнату перспективасы талқыланды.

Мемлекет басшысы елімізді Еуразиядағы жетекші транзиттік хабқа айналдыру үшін Орта дәлізді жан-жақты дамыту жұмыстары басталғанын жеткізді.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев S Sistem Lojistik компаниясының Ақтөбе халықаралық әуежайында логистика орталығын құру бастамасына қолдау білдірді. Жоба «Қазпошта» акционерлік қоғамымен бірге жүзеге асырылады.

Хусейн Барлин жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ компанияның алдағы уақытта Астана, Алматы, Шымкент және Ақтау қалаларында да логистика орталығын кеңейтуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, логистика инфрақұрылымын кешенді түрде дамыту өте маңызды. Мұның бәрі транзит уақытын қысқартуға және экспорт инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді.

S Sistem Lojistik – Түркияның логистика секторындағы жетекші инновациялық ұйым. Компания Ыстанбұл, Анкара, Измир және Анталья әуежайларында, сондай-ақ басқа да жерлерде жалпы аумағы 100 мың шаршы метр қойма желісін басқарады.