Экономика • 30 Шілде, 2025

Қазақстан көміріне кедергі жоқ

50 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміз Ресей арқылы Еуропа елдеріне қайта көмір тасымалдайды. Үкімет Еуропалық одақ жанындағы тұрақты өкілдігімен бірлесіп, еуропалық тараппен түрлі деңгейде келіссөздер жүргізді. Атап айтқанда, ЕО санкциялық режі­міне тиісті өзгерістер енгізу туралы жолданған ресми өтінішті Еурокомиссия қабылдап, жерде қалдырмады.

Қазақстан көміріне кедергі жоқ

«Келіссөздер нәтижелі болды. ЕО-ның 18-пакет санкциялары аясында Еуропалық тарап отан­дық көмір транзиті үшін белгілі бір Ресей порттарымен келі­сім­ге шектеуді алып тастады», делін­ген Cауда және интеграция министр­лігінің ресми хабарламасында.

Осы жылдың ақпан айында Еуропалық одақ санкциялардың 16-пакеті аясында Ресей порттарымен кез келген келісімге тыйым салған еді. Сал­дарынан отандық көмірдің Еуропа елдері­не тұрақты экспорты тоқтап, бұл салаға айтар­лықтай қауіп төндірді. Себебі Қазақ­­стан Еуро­паға көмірді әуелден санкцияға іліккен Ресей­­дің Усть-Луга порты арқылы жеткізетін. Айта кетсек, ЕО Балтық теңізіндегі Усть-Луга мен Приморск, Каспий теңізіндегі Астрахань мен Махачкала, Қара теңіздегі Новороссийск арқылы тасымалдарға тыйым салды.

Негізгі транзит нүктесінен тасымалға шектеу қойылған соң ел билігі мәселені реттеуге көшті. Бірқатар келіссөз нәтижесінде қол жеткізілген көмір экспортына Еурокомиссия да өз талабын қойды. Шикізат Қазақстанда ғана өнді­рілуі қажет, жүкке меншік құқы­ғы санкциялық шектеу шара­лары қол­да­нылатын елдердің рези­дент­терінде болмауы керек, порттарды тек транзит, тиеу немесе жөнелту аумағы ре­тінде пайдалануға болады, яғни оның аумағында тауарды сатып алу немесе өндіруге тыйым салынған.

«Көмір саудасы жаһандық энергетикалық қа­уіпсіздік үшін маңызды болып қала беретін­дік­тен, қа­зақ­­стандық көмірге қатысты транз­­­акция­лар боса­тылады», делін­­ген Еурокомиссия хабарламасында.

Министрлік таратқан ақпа­ратқа сәйкес, 2022 жылы Еуропа елдеріне құны 419,2 млн долларды құраған 4,4 млн тонна көмір жеткізілген, бұл жалпы көмір экспортының 45 па­йызын құрады. Сондай-ақ 2023 жылы экспорт көлемі шамамен 10 пайызға артып, 382 млн долларға 6,1 млн тонна көмір сатылған. Ал өткен жылы тасы­­­мал­данған көмір көлемі қайта азайып, 5,2 млн тоннаны құрады. Осы жылдың қаңтар-мамыр айларында экспорт 38,5 пайызды құрады. Отандық көмір Польша, Гер­мания, Италияда көптеп сұранысқа ие.

«Көрсеткіштердің уақытша төмендеуіне қарамас­тан, қабыл­данған шаралар отандық көмір­ді ЕО-ға жеткізуді қалпына кел­тіруге, сондай-ақ логистикалық мар­шруттардың тұрақтылығын нығайтуға септігін тигізеді. Сауда және интеграция министрлігі елі­міздің сауда мүдделерін қорғау және ұлттық экспорт­ты қолдау жө­нін­дегі, сондай-ақ негізгі әріп­тес­тер­м­ен экономикалық байланыс­тарды одан әрі дамыту бойынша жұ­­­мыстарды жалғастырады», деп мә­­лім­­деді министрліктің баспасөз қызметі.

Жалпы, Ресейге экспорттың қысқаруы басқа елдерде отандық көмірге деген сұраныстың артуы­нан өтелді дейді сарапшылар. Атап айтқанда, Қытай, Латвия, Польша, Өзбекстан, Қырғызстан, Эстонияға жөнелтілетін тасымалдың артқаны байқалған.

Жанармай тапшылығын болдырмау және «көлеңкелі» экспортпен күресу үшін өткен жыл­дың соңында билік шетелге тасымалдайтын компа­ниялардың тізімін қысқартты. Осылайша, 33 ұйым қазба отындарын экспорттауға лицензия алған. Бұлар – көмір өндіруші, өңдеуші компания­лар мен оларға қарасты кәсіпорындар. Мәселен, үкімет бекіткен тізімге «Қармет», «ERG», «Қаражыра», «Шұбаркөл көмір», «Богатырь Көмір», «Вос­токУгольПром» компания­лары кіреді. Олар егер өндірілген көмір қой­маларда жиналып, шетелге жөнелтуге болмайтын болса, шикі­затты ішкі нарыққа қайта бағыттай алады. Өйт­кені 2035 жылға қарай Көк­шетау, Семей, Өскемендегі жылу электр стансалары, сондай-ақ Екі­бас­тұз ГРЭС-інің бірнеше блоктары іске қосылған кезде қаз­балы отын­ды тұтыну артуы мүм­кін. Ма­ман­дардың болжамынша, салы­­натын жаңа жылу электр стан­са­ла­­рына, алдын ала есептеулер бо­йынша жылына кемінде 15 млн тонна көмір қажет. Қаражыра мен Богатырь кен орындары шикізат базасы болады.