Парламент • Кеше

Қошанов Парламент спикерлерінің VI Дүниежүзілік конференциясында сөз сөйледі

70 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжіліс төрағасы бастаған делегация Женева қаласында өтіп жатқан Парламент спикерлерінің VI Дүниежүзілік конференциясына қатысты. Ерлан Қошанов жалпы дебатта  сөз сөйлеп, екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Мәжілістің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қошанов Парламент спикерлерінің VI Дүниежүзілік конференциясында сөз сөйледі

Фотолар: Т.Таныбаев

Биыл спикерлер конференциясы «Алмағайып әлем: баршаға ортақ бейбітшілік, әділет және өркендеу жолындағы парламенттік ынтымақтастық пен көпқырлылық» тақырыбына арналды. Отырысқа 115 елдің өкілі қатысты, соның ішінде 80-нен астам Парламент спикері бас қосты.

Тараптар көпжақты қарым-қатынасты нығайту, бейбітшілік пен тұрақтылықты дамыту үшін парламентаралық іс-әрекетті күшейту мәселесін жан-жақты талқылады.

Алқалы жиында Мәжіліс төрағасы сөз сөйлеп, қазіргі кезең өзара сыйластықты, сенімділікті, әділеттілікті, диалог пен ортақ шешімдер қабылдауды қажет ететін уақыт екенін атап өтті.

Сондай-ақ биылғы конференцияның Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанының символдық мәні зор екеніне назар аударды.

«Осы айтулы күнге орай Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы мен жаһандық басқарудың көпжақты жүйесін берік ұстанатынын ерекше атап өтемін. Еліміз дауларды дипломатиялық жолмен шешу, күш қолданбау, егемендік пен аумақтық тұтастықты құрметтеу бағытын басшылыққа алады. Бұл – біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың берік ұстанымы»,  деді Ерлан Қошанов.

Т.Таныбаев

Мәжіліс спикері бүгінде жаһандық қарусыздану режимін нығайту және жаппай қырып-жою қаруын таратпау өзекті мәселеге айналып отырғанына мән берді. Осы ретте, ядролық мемлекеттер арасындағы өршіп келе жатқан шиеленісті ескере отырып, «Парламентарийлер – ядролық қаруды таратпау және қарусыздандыру үшін» алаңын белсенді түрде пайдалануға шақырды.

Тағы бір жаһандық мәселе – климаттың өзгеруі. Бұл тақырыптың төңірегінде де қызу пікірталас өрбіді. Ерлан Қошанов климатқа қатысты әрекеттерді жеделдетіп, Орнықты даму мақсаттарына жету жолында күш-жігерді жұмылдыру маңызды екенін айтты.

Келесі жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірлесіп, Өңірлік экологиялық саммитін өткізеді. БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық ашты. Мұның бәрі – ортақ мұраттарға қол жеткізуге бағытталған үлкен қадамдар.

Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы парламентарийлерге әділеттілік, теңдік және инклюзивтілік принциптерін ілгерілету ісінде ерекше жауапкершілік жүктелгенін атап өтті. Осыған байланысты БҰҰ-ның «Болашақ үшін пактісін» қолдаудың маңызын айтты. Сондай-ақ халықаралық міндеттемелерді ұлттық іс-әрекетке айналдырудағы біріккен күш-жігердің мәні зор екеніне назар аударды.

«Бұл ретте, Қазақстан Парламенті ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан – заң үстемдігі негізінде барлығы және әркім үшін тең мүмкіндіктер мемлекетін құру бастамасын іске асыруға белсенді қатысып жатыр. Әлеуметтік әділеттілік қағидатын іске асыратын бірқатар заң қабылданды. Ауқымды саяси жаңғыру жүріп жатыр, экономикалық реформалар жүзеге асырылып жатыр. Ол жай ғана науқан емес немесе саяси дискурстың бөлігі емес. Бұл – адамның саяси және экономикалық құқықтарын қамтамасыз ету, оның қадір-қасиетінің құрметтелуі үшін мызғымас жағдай қалыптастыру. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуінің кепілі. Сондай-ақ ол біздің жалпыға ортақ бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне қосқан үлесіміз», деді Ерлан Қошанов.

Конференция қорытындысы бойынша арнайы декларация қабылданды.

Сонымен бірге Мәжіліс спикері саммит алаңдарында бірқатар екіжақты кездесу өткізіп, парламентаралық байланысты тереңдету мәселесін талқылады. Ерлан Қошанов әріптестеріне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясаттағы басымдықтарына тоқталып, Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси-экономикалық реформалар мен іргелі өзгерістердің мән-маңызын түсіндірді.

Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен екі ел арасындағы сауда-экономика, инвестиция мен туризм саласында әріптестікті тереңдету мәселесі сөз болып, мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты арттыруға ерекше мән берілді.

Вьетнам Ұлттық жиналысының төрағасы Чан Тхань Манмен келіссөздер барысында тараптар екі елдің қарым-қатынасы стратегиялық деңгейге жеткенін атап өтті. Мәжіліс төрағасы алдағы уақытта да екі елдің ынтымақтастығы қарқынды дами беретініне сенім білдірді.

Швеция Парламентінің спикері Андреас Норленмен жүздесуде тараптар парламентаралық ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі екенін айтты. Қазақстан мен Швеция арасындағы екіжақты қатынастарды кеңейту үшін екі ел Парламенттерінің әлеуеті зор. Спикерлер осы бағытта жұмысты күшейтуге уағдаласты.

Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының Төрағасы Дашзэгвийн Амарбаясгаланмен кездесуде экономика, мәдениет саласындағы ынтымақтастық пен заң шығарушы органдардың ықпалдастығы қозғалды.

Сонымен қатар Сингапур Парламентінің төрағасы Сеа Киань Пэнмен де мазмұнды әңгіме болды. Тараптар екі елдің достығы мен ынтымақтастығына ерекше тоқталып, парламентаралық байланысты нығайту жайына ерекше назар аударды.

Бұдан бөлек, Ерлан Қошанов Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Молдова, Грузия, Пәкістан Парламенттерінің басшыларымен де пікір алмасып, парламентаралық ынтымақтастық жайын сөз етті.

Т.Таныбаев

Айта кетелік, Парламент спикерлерінің Дүниежүзілік конференциясы – әлем елдері Парламенттерінің төрағалары бас қосатын іргелі алаң. Алқалы жиын 5 жылда бір рет өтіп тұрады. Конференция БҰҰ-мен тығыз ынтымақтастықта ұйымдастырылады және аталған ұйым жұмысының парламенттік аспектісін нығайтуға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда күн суытады

Ауа райы • Кеше