Денсаулық • Кеше

Қазақстандағы дәрі-дәрмек нарығына жаңа баға белгілеу ережелері қалай әсер етуі мүмкін

50 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дәрі-дәрмек бағасын мемлекеттік реттеуге қатысты тәсілдердің қайта қаралуы фармацевтикалық нарық қатысушылары арасында қызу талқылауға себеп болды. Біз бұл тақырып аясында «Гедеон Рихтер Қазақстан» еуропалық фармацевтикалық компаниясының бас директоры Павел Хегаймен пациенттер мен нарық не күтуі мүмкін екені жөнінде әңгімелестік, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстандағы дәрі-дәрмек нарығына жаңа баға белгілеу ережелері қалай әсер етуі мүмкін

– Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасын қалыптастыру тәсілдерін қайта қарау жағдайын қалай бағалайсыз?

– Дәрі-дәрмек бағасын реттеу мәселесінде науқастар үшін емнің қолжетімділігі мен фармацевтикалық саланың тұрақтылығы арасындағы тепе-теңдікті сақтау аса маңызды. Біз мемлекет тарапынан сапалы дәрі-дәрмектерге қолжетімділікті қамтамасыз ету ұмтылысын қолдаймыз және реттеуші мен индустрия арасындағы диалог шешуші рөл атқарады деп есептейміз.

Бұған дейін жарияланған, әсіресе бөлшек сауда сегментінде, нарықтық механизмдерге біртіндеп көшуге қатысты бастамалар компаниялар мен инвесторларға айқын бағдар беріп келді. Ал қазір бұл бағытқа түзетулер енгізуі мүмкін ұсыныстар пайда болуда. Бұл жағдай нарық ойыншыларының, соның ішінде халықаралық компаниялардың алаңдаушылығын тудырып отыр.

Айта кету керек, біз мемлекеттік бюджет есебінен сатып алынатын препараттарға қатысты бағаны реттеуді қолдаймыз. Алайда, бөлшек сауда нарығы мүлде басқа қағидалармен жұмыс істейді. Көптеген елдерде бұл сегментте бағалық реттеу мүлде жоқ немесе өте аз, себебі мұнда бәсекелестік жоғары, өнім ауқымы кең.

– Жақында күшіне енетін Денсаулық сақтау министрлігінің шекті бағаларды бекіту туралы бұйрығында дәрі-дәрмек бағасының айтарлықтай төмендейтіні айтылған. Нарық өкілдері баға 60-70%-ға дейін түсетінін алға тартады. Бұл жағдай дәрі-дәрмек нарығына қалай әсер етуі мүмкін?

– Алдымен бұл не себептен орын алғанына назар аударсақ. Біздіңше, бұйрықты әзірлеу барысында бірқатар нормативтік дәлсіздіктер кеткен. Бағаны есептеудің ашық әдістемесі жеткіліксіз: бағалар халықаралық сайттардан алынған болуы мүмкін, бірақ олар нақты нарықтық жағдайды ескермеген.

Айта кетейін, мемлекеттік сараптамалық ұйым өкілетті органның бастамасы бойынша көтерме және бөлшек саудада сатылатын дәрілік заттардың сауда атауларына шекті бағаларды өтінімсіз өзгертуге құқылы. Бұл өз кезегінде дәрі-дәрмек нарығында қолжетімділік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында баға саясатын жедел түзетуге мүмкіндік береді.

– Бұл жағдай пациенттерге қалай әсер етуі мүмкін?

– Қысқа мерзімде бағаның төмендеуі жағымды қабылдануы мүмкін. Десе де ұзақ мерзімді перспективада – жеткізілімде іркілістер, өнім түрлерінің азаюы, жаңа препараттарды тіркеу мерзімдерінің ұзарып кетуі сияқты мәселелер туындауы ықтимал.

Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, Молдовада әкімшілік жолмен бағаны төмендеткеннен кейін нарықтан дәрілік заттардың жартысы жоғалып кеткен. Ал Румынияда – шамамен 2000 атаулы препараттар нарықтан кеткен.

Препараттардың жоғалуы – мыңдаған пациент емсіз қалады деген сөз. Өкінішке қарай, ең ауыр соққы – созылмалы аурулары бар, сирек диагноз қойылған пациенттерге және инновациялық препараттарға қолжетімділігі шектеулі өңірлердегі тұрғындарға тиеді.

– Бұйрық қазіргі редакцияда күшіне енсе, фармацевтикалық нарықта не болуы мүмкін?

– Бұл жағдай тапшылыққа, өнім түрлерінің азаюына және заңды нарық ойыншыларының кетуіне әкеп соғуы мүмкін. Әсіресе, инновациялық және өмірлік маңызды дәрілерді жеткізуге қауіп төнеді. Халықаралық компаниялар өндірісті жергіліктендіруден және елге инвестиция құюдан бас тартуы мүмкін, себебі «ойын ережелері» біржақты өзгеріп жатыр.

Нәтижесінде пациенттер қажетті препаратты шетелден іздеуге мәжбүр болады, ал бұл — бағаның қымбаттығы мен денсаулыққа төнетін қауіптерге ұрындырады.

Бағаның қолжетімділігі маңызды, бірақ терапияның сапасы, қауіпсіздігі және тұрақтылығы да соншалықты маңызды.

Айта кетейін, «Гедеон Рихтер Қазақстан» компаниясы баға белгілеу тұрғысында салмақты ұстанымда және біз бөлшек нарықтағы рецептімен босатылатын препараттар бағасын инфляция деңгейінен артық негізсіз немесе қажеттіліксіз көтерген емеспіз.

– Бұл жағдайдан пациенттер мен бизнеске зиян келтірмей қалай шығуға болады?

– Бұл үшін терең талдауға негізделген, салмақты және үйлесімді әрекеттер қажет. Реттеуші орган мен фармацевтикалық саланың бірлескен жұмысы аса маңызды. Біз бұйрықты іске асыруды уақытша тоқтатып, оның нарыққа ықпалын тәуелсіз экономикалық сараптама арқылы бағалауды ұсынамыз. Осы талдаудың негізінде тапшылық пен препараттардың нарықтан кету қаупін болдырмау мақсатында түзетулер енгізілуі тиіс.

Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігінің, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің, жетекші фармацевтикалық компаниялардың, салалық қауымдастықтардың және тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен жұмыс тобын құру қажет. Бұл топ нарықты тұрақтандыру мен ұзақмерзімді дамытудың жол картасын әзірлей алады.

– Компанияңыздың Қазақстандағы алдағы жоспарлары қандай?

– Қазақстан – біз үшін стратегиялық маңызы бар нарық. Біз мұнда 30 жылға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келеміз, біздің препараттарымыз дәрігерлер мен пациенттерге жақсы таныс. Біз жергілікті әріптестікке, білім беру және әлеуметтік жобаларға, қайырымдылық бастамаларға белсенді түрде инвестиция құйып келеміз.

Пандемия кезінде Венгриядағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен ӨЖЖ аппаратындағы пациенттерге қажетті өмірлік маңызды препараттарды тегін жеткіздік. «Жүректен жүрекке» жобасы аясында жетім балаларға, мүмкіндігі шектеулі және онкологиялық аурулары бар балаларға көмек көрсетілді. 2024 жылы компания Қазақстанның батыс өңірлерінде су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетті. Мұндай жобаларымыз көп.

Біз еліміздегі фармацевтикалық саланың одан әрі дамуына шын ниетпен мүдделіміз. Сонымен қатар тұрақты жұмыс істеу үшін бізге мемлекет тарапынан саланың жұмыс істеу тетіктерін ескеретін және болжамдылықты сақтайтын саясат қажет. Біз барлық тараптың мүддесін көздейтін тиімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін бірлесіп құруға үміттіміз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда күн суытады

Ауа райы • Кеше