
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Жамбыл облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған тұрғындардың саны қанша? Жыл өткен сайын өзгеріп жатқан көрсеткіш көңіл көншіте ме? Жұмысты жүйелеу бағытында жауапты мамандар қандай қадамға барып жатыр?
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Ғайни Аймағанбетованың айтуынша, жыл басында сақтандырылмаған азаматтар саны 231 921 адам болса, жарты жылдықтың қорытындысына сәйкес бұл көрсеткіш 6 251 адамға азайыпты. Алты айда көрсеткіш оңалғанымен, Жамбыл облысы өңірлер арасында 9-орында тұр.
«1 шілдедегі жағдай бойынша өңірде А, В, С, D, E санаттары бойынша сақтандырылмаған халықтың саны 225 670 адамды құрап отыр. Оның ішінде E санаты бойынша (мүшкіл деңгейдегі) 15 409 адам, D санатында (дағдарыс) 54 652 адам, С санатында (төмен) 75 335 адам, В санатында (қанағаттанарлық) 74 451 адам, А санатында (жақсы) 8 823 адам бар. Жалпы, 2023 жылдың қарашасындағы мәліметпен салыстырғанда көрсеткіште оң динамика байқалады. Сақтандырылмаған азаматтар саны 25 017 адамға азайған», дейді Ғ.Аймағанбетова.
Жоғарыда айтқанымыздай, МӘМС жүйесіне халықтың қосылуы жөнінен Жамбыл өңірі республикада 9-орынға тұрақтаған. Әйткенмен, облыста сақтандырылмаған азаматтардың үлесі жоғары аудандар әлі күнге дейін бар. Мәселен, «Цифрлық отбасы» картасының деректеріне сүйенсек, Қордай, Меркі, Шу аудандарындағы көрсеткіш көңіл көншітпейді. Бұл аудандарда сақтандырумен қамтылу деңгейі облыстық көрсеткіштен едәуір төмен. «А» санатындағы сақтандырылмаған азаматтардың әлеуметтік портретін анықтау мақсатында медициналық ұйымдармен бірлесіп үй аралау жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, облыста 7 241 адам тіркелген. Оның ішінде 683 адам басқа өңірде тұратыны, 17-сі шетелге кеткені, 2-еуі қайтыс болғаны, 110-ы мүлде табылмағаны анықталған. Қалған 6 429 адамның көпшілігі жұмыссыз (2 260), бейресми жұмыс істейтіндер (1 746), үй шаруасындағы әйелдер (694) мен жеке кәсіпкерлер (729).
«Биылғы жылдың 6 айында облысымыздағы 35 медициналық ұйымға 437 шағым мен өтініш тіркелген. Олардың 233-і өтініш иесінің қалауымен кері қайтарылса, 204 шағым қаралған. Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда түскен шағымдар мен өтініштердің 10%-ға көбейгені байқалады.
Тұрғындар тарапынан келіп түскен шағымдардың басым бөлігі медициналық көмектің сапасына қатысты болып отыр. Нақты айтсақ, 77 өтініш тіркелді. Сонымен қатар ауруханаға жатқызудан бас тарту, дәрілік заттармен қамтамасыз ету, медициналық көмекті ұзақ күту секілді мәселелер жөнінде бірқатар арыз-шағым айтылған.
Есепті кезеңде «Almaz Medical Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде – 17, «Zhanshuak Medical Group» ЖШС – 16, Байзақ аудандық орталық ауруханасында – 14, Тараз қалалық №5 емханасында – 13, Januia Medical Center, Тараз қалалық №2 емханасында 11 шағымнан тіркелген. Сондай-ақ қалалық №9 емхана, Шу аудандық орталық аурухана мен «Мейірім» медициналық орталығының әрқайсысы бойынша 9, ал Шу қалалық емханасы бойынша 8 шағым түскен.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік жағдайы төмен, яғни дағдарыстық D, мүшкіл E деңгейіндегі азаматтар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады. Бұл санаттағы азаматтар медициналық көмекті жиі пайдаланатындықтан, олардың жарналарын өтеу тетігі қарастырылып, қажетті есептеу жұмысы жүргізілді», деді Ғ.Аймағанбетова.
МӘМС мәселесін зерделеуде туындайтын тағы бір түйткіл бар. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектің айтуынша, тұрғындар жиі шағымданатын жекеменшік емханаларға салалық басқарма тексеру жұмысын жүргізе алмайды. Өйткені бұл емханалар облыс әкімдігінің қаржы басқармасына бағынады.
Қалай десек те, денсаулық сақтау, қаржы басқармалары облыс әкімдігіне қарасты мекемелер санатына жатады. Салалық басқарманың жаңа басшысы дәл осы мәселені бірлесіп пайымдауға, шешуге ұмтылғаны жөн секілді. Өйткені МӘМС мәселесі өңір басшысының назарынан тыс қалмақ емес.
Жамбыл облысы