Баға • Кеше

Ақылы жол азық-түлік бағасына әсер ете ме?

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірде ақылы жол әлеуметтік маңызы бар тауардың өзіндік құнына қалай ықпал етеді деген мәселені зерттейтін қанатқақты жоба бастау алды. Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, мұндай мониторинг өткізуге бизнес өкілдері тарапынан келіп түсіп жатқан шағымның жиілеп кетуі түрткі болған. Құзырлы орынға биылдың өзінде 15-ке жуық кәсіпорын шағымданыпты.

Ақылы жол азық-түлік бағасына әсер ете ме?

Соның бірі – сүт өнімдерін шығаратын «Лидер-2010». Кәсіпорынның заң­гері Арман Молдағазиннің айтуынша, өңірде ақылы жолдар пайда болғалы зауыттың көлік тасымалына кететін шығыны да біршама өсіп кеткен. Бүгінде Қостанай облысында екі ақылы жол жұмыс істеп тұр. Оның бірі – ұзындығы 163 шақырым болатын, облыс орталығынан Тройцкіге қарай шығатын Ресей шекарасына дейінгі жол. Екіншісі – Қостанайдан Денисовке дейін апаратын 151 шақырымдық жол. Аталған екі бағытқа да ақылы жолды айналып өтетін балама жолдармен де шығуға болады.

«Алайда айналма маршрут жолды 300 шақырым­нан аса ұзартып жібереді. Яғни тегін жолдар экономи­ка­лық тұрғыдан тиімсіз. Оның үстіне, айналма жолмен жүретін болсақ, біздің кәсіпорын сүт сатып алатын, дайын өнім жеткізетін елді мекендердің біразы бұрыннан қалыптасқан логистикалық желіден тыс қалып қояды», дейді кәсіп­орын заңгері.

Жоба аясында өңірде нан, жұ­мыртқа, сүт өнімдері тә­різді халыққа күнделікті қажет тауарларды шығарумен және тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындардың тізімі жасалады. Сондай-ақ аталған кәсіпорындар күнделікті тауар таситын ақылы жолдар анықталып, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның облыстағы филиалына жіберіледі. Кейін бұл мәліметтер жан-жақты талданып, зерделенеді.

Қостанай облыстық кәсіп­керлер палатасының директоры Ренат Дәулетпаевтың айтуынша, мониторинг жұмы­сының нәтижесі ақылы жол төлемдерінің мөлшері бекі­тілген нормативтік актілерді өзгертуге негіз болуы мүмкін.

«Жобаның басты мақсаты – әлеу­меттік маңызы бар өнім­дерді тасымалдайтын кәсіп­орындар үшін қолайлы жағ­дай жасау, сондай-ақ жол шы­ғын­дарының түпкілікті баға­ға әсерін азайту» дейді кәсіп­керлер палатасы филиалы­ның басшысы.

 

Қостанай облысы