Өндіріс • Кеше

Саранға серпіліс берген серіктестіктер

30 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Саран біртіндеп өндірістің бере­келі ошағына айналып келеді. Мәселен, «Tengri Tyres» шина зауытына «Татнефть» пен «ГК «Аллюр» 531,8 млн доллар инвестиция құйған. Зауыт алаңы – 106 мың шаршы метр. Озық технология резеңке қоспаларды әзірлеуден бастап, жинақтау мен вулканизацияға дейін толық цикл­мен шиналарды өндіруге мейлінше мүмкіндік береді.

Саранға серпіліс берген серіктестіктер

Сурет Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің сайтынан алынды

Шина елге де, экпортқа да шығып жатыр

Зауыттың жылына 3 млн жеңіл және 500 мың жүк көлігіне арналған шина шығаратын қауқары бар. Былтыр маусымда «Attar» бренді­нің жеңіл автокөліктеріне арналған шина­лар­дың сериялық өндірісі жолға қойылды. Жеңіл автокөліктер мен жол талғамай­тын темір тұлпарға арналған қос модельді шина әзірленді. Мұнымен қоса қысқы шинаның да түрлерін шығар-ды. Өндіріс басшылары зауыт ашылғалы бері 450 мың шина шығарылғанын айтады. Жыл соңына дейін алғашқы бір миллиондық межені бағындыруды жоспарлап отыр. 2028 жылға қарай зауыт қуатын 7 млн шинаға дейін арттыру көзделген.

Өндіріс реттілігі 5 кезеңді қамтиды. Алғашқыда әртүрлі шикізат түрінен резеңке қоспалар әзірленеді. Сосын сапалы шинаның жабдықтары (маталы корд, брекер, протектор) дайындалады. Одан кейін барлығы жинақталып, шина қалыбына келгенде оны вулканизациялау үдерісі жүреді. Күрделі қалыптау амалдары арнаулы қалыпта жоғары қысым мен белгілі бір температурада жүзеге асырылады. Осылайша, резеңке қоспасы өз қасиеттерін өзгертіп, қажетті протектор мен бүйірлік бөліктердің суретімен соңғы пішіні шығады. Соңында дайын өнім өте мұқият тексерістен өтеді. 

«Шина құрылымы 7 не­гізгі элементтен тұрады. Гер­мо­қабат өнімнің герметикалы­ғын қамтамасыз етіп, ауаның сыртқа шығуына жол бер­мей­ді. Борттық сақиналар мен қа­натшалар шина мен дөңгелек дискісінің дұрыс орналасуын қамтамасыз етеді. Келесі элемент – бүйірлік бөліктер, осы арада барлық жазу айқын оқылып, көрінеді. Одан кейін қабаттасып орналасқан каркас екі түрге бөлінеді: маталы және металды (брекер). Негізгі міндеті – шинаны меха­никалық зақымданудан мей­лінше қорғау. Соңғы элементі – протектор. Осы жетілген ­7 элементтің әрқайсысы ар­найы жабдық қалыбында өндірі­леді», дейді «Tengri Tyres» ЖШС директорының өндіріс және техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары Максим Белявский.

прои

Былтыр жазда «Attar» ши­наларының Ресейге алғашқы жеткізілімдері басталған. Таяу­да 900 шина Қостанайдағы «Allur» кәсіпорнына жібе­ріліпті. Енді 205/55 R16 мөл­шерлі «Attar S01» модельді жаз­дық шиналар отандық жеңіл автокөліктердің дөңгелегіне тағылады. Сөйтіп, бұған дейін тек шетелдік шина тағынған темір тұлпарлар енді толық­тай отандық өніммен қамтыла ­бастайды.

 

«Artel»-ден «Samsung»-қа дейін

Саран индустриялық айма­ғында орналасқан «Silk Road Electronics» кәсіпорны тұрмыстық техника шыға­ру­мен айналысады. Жалпы ауданы 61 мың шаршы метр­ден астам өндіріс аймағында түрлі цех жұмыстары ретімен жолға қойылған. Оның ішінде эмальдау мен ұнтақты бояу цехы, термопласт-автомат цехы секілді өндірістің негізгі күшін құрайтын аймақ бар. Кәсіпорын «Artel» брендімен теледидар, электрлі су жылыт­қыш, шаңсорғыш, асүй тоқ­пеші, ауасорғыш, кір жуатын машина, желдеткіш секілді тұрмыстық техника түрлерін шығарады. Қазірге дейін 280 мыңнан аса техника саудаланып үлгерген.

«Компания – еліміздегі тұр­мыстық техника шығаратын жалғыз өндіріс орны. Алды­мызда үлкен меже бар. Құры­лысты аяқтағанымызға көп бола қойған жоқ. Ескірген ғима­ратты қайта қалпына кел­тіруге, зауытты заманауи қа­жетті жабдықтармен қам­тамасыз етуге көп күш жұм­садық. Саудаға кіріскенімізге екінші жыл болды. Алғашқы көрсеткішіміз жаман емес. Біздің өнім құны сырттан әкелетін тұрмыстық бұйымдармен салыстырғанда әлдеқайда тө­мен. Сапасына да баса мән береміз. Ірі сауда нүктелерінен бөлек, интернет арқылы да сау­даны күшейтіп жатырмыз. Әсіресе «Kaspi.kz» қо­сымшасы секілді онлайн сау­да платформаларын тиімді пайдаланамыз. Сату бөлімі менеджерлерінің біліктілігі арқасында өнімдерді ТМД елдеріне де экспорттаймыз. Бұл – компанияның алға қой­ған басты мақсаттарының бірі. Егер шетел нарығына шықсақ, онда кәсіпорны­мыз мол табысқа кенеліп, мыңдаған жұмыс орнын ашуға мүмкіндік болады», дейді «Silk Road Electronics» ЖШС директоры Александр Критский.

Былтыр «Silk Road Electro­nics» және «Samsung Electro­nics» отандық кәсіпорында теледидар өндірісін бастау туралы келісімге қол қойды. Биыл жабдықты орнату, персоналды оқыту және сапаны бақылау жүйесін орнату секілді дайындық жұмыстары жүргізілді. Желі тамыз айында толық іске қосылмақ. Көктемде компаниялар «SmartThings» цифрлық платформасына біріктірілген «Samsung» автоматты кір жуғыш маши­наларын шығару туралы жаңа келісімге қол қойды. Жыл соңына қарай өндіріс іске қосылады.

«Біздің компания әлем­дік нарыққа энергияға тиім­ді, пайдалануға өте ың­ғай­лы тұрмыстық техни­каны шы­ғарып жатыр. Қыз­меткер­леріміз өндіріс кезінде техни­калық инновациялардың игілігін кәдеге жаратуға ұм­ты­лады. Өнім көпшілік тал­ғамынан шығып, көзге тартымды көріну үшін дизайнына да ерекше мән береміз. Әлемдік бренд қалыптас­тыру мақсатында тәжірибемізді әрдайым толықтырып, ізденіс­тен қол үзбейміз», дейді серіктестік басшысы.

 

Алып компанияға айналады

«QazTehna» ЖШС – автобус құрастырумен аты шық­қан компания. Бес жылдың ішінде Қарағанды автопаркін ғана жаңартқан жоқ, Астана, Шымкент, Алматы және бас­қа да қалаларға автобус құрас­тырып беріп отыр. Күніне 4-5 автобус жолға шығады. Осы уақыт ішінде шамамен 6 000 автобус пен 3 500-ге жуық арнайы және жүк техникасын өндірген.

«Қазір біздің зауыт екі негізгі бағытта жұмыс істейді: бірі – жолаушылар тасымалына арналған автобустар, екіншісі – төтенше жағдайлар қызметі мен Ішкі істер министрлігіне арналған арнайы техника. Барлық техника елде құрастырылып, дайын өнім ретінде шығарылады. Әрбір бөлшек, әрбір компонент өндірістік тізбекте өз орнын тауып, нақты стандартқа сай жасалады», дейді зауыттың техникалық даму жөніндегі директоры Әділ Шайкемелов.

Елімізде автокомпонент­тер базасын жасайтын кәсіп­орындар жоқтың қасы. Сон­дықтан бұл бағытты өздері қолға алып, жергілікті өнді­рісті дамытуға бет бұрмақшы. «Қазірдің өзінде аккумулятор батареялары, сымдар, кейбір бөлшектер ел ішінде өндіріліп жатыр. Бірақ бұл жеткіліксіз. Осы бағытты кеңейтуге талпынып жатырмыз» дейді директор.

Зауыттың маңызды жоба­ларының бірі – штамповка­лық өндірісті іске қосу. Бұл жоба аясында 2026 жылдан бастап автобустардың қаңқа­лық бөлшектері шанақ­тың алдыңғы, артқы және бүйір бөліктері, төбе элементтері елде өндірілмек.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпараты бо­йынша, елімізде 16 арнайы экономикалық аймақ пен 55 индустриялық аймақ жұ­мыс істейді.

«Silk Road Electronics» тұрмыстық техника зауыты жақын күндері «Samsung» теледидарларын шығара бас­тайды. Бұл – халықаралық серіктестік аясындағы үлкен жетістік. Ал «QazTehna» былтыр 1 400 автобус өндіріп, ел­дегі жалпы сұраныстың жартысын өтеді», дейді министр Ерсайын Нағаспаев.