
Өзбекстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2021 жылдан бастап 30 шілде – Өзбекстандағы «Халықтар достығы күні» болып жарияланған. Осыған орай бауырлас мемлекет мерекені бір апта бойы кең көлемде атап өтеді. Фестиваль барысында түрлі ұлтқа тән билер мен әсем ән-күйлер, қолөнер бұйымдары және мәдени көрмелер ұсынылып, елдегі бейбітшілік пен татулық рухы кеңінен насихатталады.
Іс-шараның алғашқы күні Ташкент қаласында Ұлттық мәдени орталықтар павильондарының салтанатты ашылуы өтті. Олар түрлі ұлт пен ұлыстардың дәстүрі мен салт-ғұрпы, тарихы мен мәдениеті ескеріліп жасалған.
«Елімізде 130-дан аса ұлт пен ұлыс өкілдерінің өмір сүруі бұл өңірде ежелден достық, бейбітшілік пен төзімділік үстем болғанын көрсетеді. Біз әртүрлі тілде сөйлейміз. Салт-дәстүрлеріміз де өзгеше. Бірақ бір-бірімізді өте жақсы түсінеміз. Себебі біздің ортақ Отанымыз – Өзбекстан. 85 жылдан бері корейлер Өзбекстанда өмір сүріп келеді. Олар Өзбекстанды өз Отаны деп біледі, Ал астанамызда салынған ұлттық мәдени орталықтарға арналған бірегей павильондар – қамқорлықтың, бірліктің тағы бір нақты көрінісі», деді Өзбекстан Корей ұлттық-мәдени орталықтары қауымдастығының төрағасы Виктор Пак. Іс-шарада ұлттық мәдени орталықтар көркемөнерпаздар ұжымдарының концерттік бағдарламасы да көрсетілді. Салтанатты жиында алыс-жақыннан келген мәртебелі меймандар сөз сөйлеп, ізгі бастаманың мерейін асырды.