Қоғам • Кеше

Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді?

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2025 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстанда бірқатар маңызды өзгерістер күшіне енеді. Елде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады, кейбір мобильдік тарифтерге жаңа шарттар енгізіледі, АҚШ Қазақстаннан келетін импортқа 25% кедендік баж салығын енгізеді. Сонымен қатар, ChatGPT қызметінің бағасы қымбаттайды,  деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді?

Фото: Ашық дереккөз

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының бірінші кезеңі басталады

2025 жылғы 1–31 тамыз аралығында Қазақстанда Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының бірінші кезеңі өтеді. Сауалнамалар sanaq.gov.kz сайтында онлайн режимде қолжетімді болады. Онда ауыл шаруашылығы өндірушілері мен үй шаруашылықтарына арналған екі түрлі сауалнама нұсқасы ұсынылады. Санақ барысында шамамен 300 мың ауыл шаруашылығы субъектісі мен 2 миллион үй шаруашылығы қамтылады.

«Қазақтелеком» архивтік тариф шарттарын жаңартады

2025 жылғы 1 тамыздан бастап «Мобайл Телеком-Сервис» арқылы ұсынылатын кейбір архивтік мобильдік тарифтік жоспарлар жаңартылады. Сонымен қатар Beeline Қазақстан өз қосымшасы арқылы басқа операторлардың нөміріне төлем жасаған кезде 0,5% комиссия ұстауды енгізеді. Бұл өзгеріс Kcell, Activ, Tele2 және Altel нөмірлеріне жасалатын аударымдарға қатысты. Мысалы, егер Tele2 нөміріне 1000 теңге жіберілсе, оның 5 теңгесі комиссия ретінде алынады.

АҚШ Қазақстаннан келетін импортқа 25% баж салығын енгізеді

1 тамыздан бастап АҚШ Қазақстаннан келетін барлық импортқа 25% кедендік баж салығын енгізеді. Бұл туралы Дональд Трамп өзінің Truth Social парақшасында жазған. Хатта ол Қазақстанмен сауда қатынастарын жоғары бағалайтынын атап өтті және егер қазақстандық компаниялар өнімдерін АҚШ-та өндірсе, онда баж салығы қолданылмайды деп мәлімдеген.

ChatGPT жазылымы қымбаттайды

OpenAI компаниясы 2025 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстан пайдаланушылары үшін ChatGPT Plus жазылымына қосылған құн салығын (ҚҚС) енгізеді. Соның нәтижесінде ай сайынғы төлем $20-дан $22,40-қа көтеріледі (12% ҚҚС есебімен). Егер пайдаланушы заңды тұлға немесе дара кәсіпкер ретінде ҚҚС төлеуші болса және БСН-ін тіркеу деректерінде көрсетсе, ҚҚС алынбайды.

Тамыздағы ҰБТ кезеңі басталады

2025 жылғы 10–14 тамыз аралығында негізгі ҰБТ-да шекті балл жинай алмаған талапкерлер қайта тест тапсыра алады. Қатысушылар тестілеудің өтетін жерін, уақытын және күнін өздері таңдай алады. Сонымен қатар негізгі ҰБТ-ға қатысқан түлектер пәндер комбинациясын өзгерте алады. Бұл кезеңге мектеп пен колледж түлектері, қандастар, шетелде орта білім алғандар және  мамандықтардан ауысқысы келетін студенттер қатыса алады.

SCAT Алматы – Минск жаңа рейсін ашады

2025 жылғы 10 тамыздан бастап SCAT әуе компаниясы Алматы мен Минск арасында тікелей рейс ашады. Ұшулар әр сәрсенбі және жексенбі күндері орындалады. Авиакомпания бұл бағыттың іскерлік, туристік және отбасылық сапарлар үшін ыңғайлы болатынын айтты.

Дженнифер Лопес Астана мен Алматыда концерт береді

2025 жылғы 1 тамызда Астанадағы «Астана Арена» стадионында әйгілі әнші Дженнифер Лопес өзінің «Up All Night» туры аясында концерт өткізеді. 10 тамызда Алматының Орталық стадионында өнер көрсетеді. Алдын ала есеп бойынша, екі концерт мемлекеттік бюджетке 400 миллион теңгеге дейін салық түсімін қамтамасыз етуі мүмкін.

Конституция күніне орай қосымша демалыс

2025 жылғы 30 тамыз — Конституция күні сенбіге сәйкес келеді. Осыған байланысты демалыс күні 1 қыркүйек, дүйсенбіге ауыстырылады. Осылайша, бес күндік жұмыс істейтіндер үшін 30, 31 тамыз және 1 қыркүйек — үш күн қатарынан демалыс болады.