Қоғам • Кеше

Медиа саласы жарты жылда қалай дамыды

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында елімізде медиасаланы дамыту мен халықтың медиасауаттылығын арттыру бағытында бірқатар маңызды қадамдар жасалды. Мәдениет және ақпарат министрлігі жартыжылдық қорытынды есепті жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Медиа саласы жарты жылда қалай дамыды

Фото: Ашық дереккөз

Ең алдымен, Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен журналистің бейбіт жиындарда жұмыс істеу тәртібі және оларды тануға арналған арнайы айырым белгілерінің үлгісі бекітілді. Бұл шешім – журналистердің қоғамдық іс-шараларда кәсіби міндетін қауіпсіз әрі еркін атқаруына құқықтық негіз беретін маңызды құжат. Енді кез келген митинг, шеру немесе жиналыс кезінде журналистердің рөлі мен жауапкершілігі нақты белгіленіп, олардың қауіпсіздігіне кепілдік беріледі.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Парламенті жаңа салық кодексін қабылдап, отандық мерзімді баспа басылымдары үшін қосылған құн салығының жеңілдетілген мөлшерлемесін – 10% көлемінде қолдану туралы нормаларды енгізді. Бұл жеңілдік еліміздегі газет-журналдардың қаржылық жағдайын жеңілдетіп, сапалы басылымдардың өміршең болуына ықпал етеді. Баспа өнімінің бағасын көтермей, оны кең аудиторияға қолжетімді етіп ұсынуға мүмкіндік береді.

Халықтың медиасауаттылығын арттыру және медиа мамандарының біліктілігін көтеру мақсатында 2025 жылға дейінгі кешенді Жоспар бекітілді. Министрліктің мәліметінше, жоспар аясында жылдың алғашқы жартысында бірқатар нақты істер жүзеге асты. Атап айтқанда, салалық журналистиканы дамыту бағытында 8 оқыту іс-шарасы ұйымдастырылып, оларға 600-ден астам бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен журналистика мамандығында оқитын студенттер қатысқан. Сонымен қатар орталық мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы биліктің және квазимемлекеттік құрылымдардың 400-ге жуық баспасөз хатшысы осы оқытудан өтті.

Бұдан бөлек, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен салалық журналистиканы дамытуға арналған 10 меморандумға қол қойылды. Бұл меморандумдар білім жүйесі мен практикалық медиажұмысты біріктіріп, болашақ журналистерді нақты нарық талаптарына сай даярлауға мүмкіндік береді.