
Солардың бірі – запасқа шыққан қатардағы жауынгер Жанболат Еспен. Ол әскерге дейін Шымкент қаласындағы жергілікті әскери басқару органдарының бірінде инспектор болып жұмыс істеген. Мерзімді әскери қызметті сәтті өтеп, жағымды мінездеме алған сарбаздар ҰБТ тапсырып, балл жинамай-ақ университетке түсе алады. Осыны естіген Жанболат мүмкіндікті қалт жібергісі келмейді. Сөйтіп, мемлекеттік грант иесі болуды өзіне мақсат етіп қояды.
Қарағанды гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қызмет еткен Жанболат өзіне жүктелген міндеттерді адал орындап, жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындық бағдарламасын жоғары деңгейде меңгерді. Қызмет барысында бірнеше рет Астана қаласына іссапарға барып келді. Оның табандылығы мен жауапкершілігі бөлім басшылығы тарапынан жоғары бағаланды. 12 айлық әскери қызметін абыроймен аяқтағаннан кейін «Көктем – 2024» шақырылымының үздік сарбаздар қатарына кірген Жанболат Еспен мемлекеттік грант иегері атанды. Бұл қуанышты жаңалықты алдымен анасы Гүлжаухар Сәрсембаева естиді. Ұлының бұл жетістігі ана жүрегін ерекше толқытқан. Баласын құттықтап, аналық ақ тілегін арнады.
Қазір Жанболат туған қаласы Шымкентке оралып, «Мирас» университетіне құжатын тапсырып, оқуын бастауға дайындалып жүр. Әскерден запасқа шыққан ол Абай, Әл-Фараби, Тұран аудандары бойынша біріктірілген қорғаныс істері басқармасына барып, әскери қызмет арқылы мемлекеттік грантқа қалай қол жеткізуге болатынын айтты.
«Өр рухты бабалардың жолын жалғау – бүгінгі ұрпақтың парызы. Елін, жерін жаудан қорғау – әрбір ер-азаматтың міндеті. Сол жауапкершілікті жете түсінгендіктен өз еркіммен әскер қатарына алынып, абыроймен өткеріп келдім. Тәуелсіздіктің тірегі – оның әскери қорғанысы. Бүгінде мемлекет қорғаныс саласын күшейтуге барынша көңіл бөліп жатыр. Соның ішінде қатардағы жауынгерлерге де ерекше қамқорлық пен жағдай жасалған. Мұны нағыз әскери өмірді көзбен көріп келген сарбаз ретінде толық сеніммен айта аламын. Мен әскерде жүргенде жауынгерлік тәртіппен бірге қарудан оқ атуды, әскери техникалар мен олардың пайдалану мақсаттарын, сондай-ақ майдан даласында ұрыс жүргізудің әдіс-тәсілдерін үйрендім. Өзімді, елімді жаудан қорғайтын дайын жауынгермін деп есептеймін. Кез келген сәтте қолыма қару алып, Отанымды жаудан қорғауға әзірмін. Менің ойымша, барлық ер-азамат Отаны үшін құрбан болуға дайын болуы керек. Жоғарыда айтқанымдай, әскерде сарбаздарға барлық жағдай жасалған. Борышымды өтеу барысында ешқандай қиындық көрген жоқпын. Керісінше, әскери өмір маған өте қызықты өтті. Сол жерден талай сырлас дос таптым. Әскери қызмет менің өмірімнің жаңа бір белесі болды. Жауынгерлік міндетімді атқара жүріп, осы салада талай тәжірибе жинақтадым. «Қоянды қамыс, жігітті намыс өлтіреді» демекші, әскерге барудан қорқудың қажеті жоқ. Сарбаздың әскерде қалай жүретіні өзін көпшілік ортада қалай ұстайтынына, мінезі мен тәрбиесіне байланысты. Адал, өтірік сөйлемейтін, кішіні сыйлап, үлкенді құрметтей білетін, жақсы мен жаманды ажырата алатын адам қай ортада жүрсе де, өз абыройын жоғалтпайды. Оның үстіне, қазір жауынгерлік міндеттің мерзімі бір-ақ жыл. Бір жыл деген уақыт көзді ашып-жұмғанша өтеді де кетеді. Ер жігіттердің мінезін қалыптастыратын, нағыз ерлерше шыңдайтын жер – осы әскери орта», деді кездесуде ағынан жарылған Ж.Еспен.
Аталған басқарма бастығының орынбасары, майор Ердәулет Темірбаев Жанболаттың жетістігі әскердің ерлік мектебі ғана емес, жарқын болашаққа бастайтын жол дейді.
«Әр адам өмірде өз жолын тапқысы келеді. Жақсы маман атану, соның жемісін көру – өмірде сол жолыңды тапқандықтың белгісі. Сондықтан кез келген жан бала кезінен өзінің сүйіп таңдаған мамандығының иесі болғанды армандайды. Сол себепті, көпшілік ер-азаматтар мектеп бітірген соң, тезірек жоғары оқу орнына түсуге ұмтылады. Оқуға түсе алмай қалса, уақытын текке кетіргендей елестетеді. Ер жігіттердің әскерге баруға асықпауының бір себебі осы болса керек. Мүмкіндігі барда қолына диплом алып үлгергенді жөн көреді. Өйткені уақыт өткен сайын адам тіршілікпен алданып, оқуға деген баяғы қызығушылық пен белсенділігі азайып қалуы мүмкін. «Темірді қызған кезде соқ» демекші, мектеп бітіріп жалындап тұрған шақта білім жолының ырғағын бұзбай, жоғары оқу орнына түсіп кеткенді қалайды. Міне, қоғамның осы мәселесін ескерген мемлекет сарбаздар қатарына алынып, әскери борышын өтеп келген жас жауынгерлердің студент атануына үлкен жеңілдік жасап жатыр. Мемлекеттің бұл бастамасы – нағыз қамқорлықтың үлгісі. Көп жағдайда сарбаздар әскерден оралған бойда жұмысқа араласып кетеді. Жоғары білім алуға құлшыныс азаяды, оған қоса ақылы негізде оқытуға отбасылық бюджеттің жетпеуі мүмкін. Бұл ретте мемлекеттің жас жауынгерлерге арнайы жеңілдік жасап, тегін грант қарастырып беруі – үлкен әлеуметтік қолдау», деді Е.Темірбаев.