
Суретті түсірген – Жұмабай Мұсабек
Марке политехникалық университетінің Талдықорғандағы филиалы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының сапасын арттыру және озық шетелдік оқу орындарының филиалдарын ашу жөніндегі стратегиялық тапсырмасына сәйкес жүзеге асып отыр. Бұл жоба еліміздің жоғары білім беру жүйесіне тың серпін беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласын терең ғылыми негізде дамытудың нақты жолын ұсынып отыр. Оған облыс әкімі Бейбіт Исабаев пен арнайы алыстан келген қонақтар Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Италияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Антонелло Де Риу, сондай-ақ италиялық және жергілікті ғалымдардың пікірі дәлел.
Филиал І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің базасында құрылып, «Агрономия – ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары» бағыты бойынша қос дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Бұл – студенттерге бір мезетте қазақстандық және еуропалық үлгідегі бакалавр дәрежесін алуға мүмкіндік беретін ерекше білім жолы. Салтанатты шарада сөз алған Бейбіт Исабаев бұл бастаманың өңір үшін маңызы зор екенін атап өтті:
«Жетісу облысында шетелдік жоғары оқу орны филиалының ашылуы – жастарымыз үшін зор мүмкіндік. Сонымен қатар бұл аграрлық саланы заманауи технологиялармен жабдықтап, ғылыми негізде дамытуға бағытталған маңызды бастама. Жетісу – ежелден аграрлы аймақ. Сондықтан бізге жаңа буын агрономдар, инновациялық ойлау жүйесі бар мамандар қажет. Бұл жоба өңіріміздің ғылыми және кадрлық әлеуетін арттырумен қатар, екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтереді», деді өңір басшысы.
Оның айтуынша, бастапқы кезеңде облыс әкімдігі осы қос дипломды бағдарлама бойынша 14 білім грантын бөліп отыр. Болашақта бұл сан артып, өңір жастарына білім алуға мол мүмкіндік тумақ.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те бұл халықаралық білім жобасын жоғары бағалап, еліміздің білім саласындағы трансформация мен интернационалдандыру үдерісі туралы кеңінен әңгімеледі:
«Бүгінде Қазақстанда ең үздік шетелдік университеттердің филиалдарын ашу күн тәртібінде тұр. Бұл — әлемдік деңгейдегі білімге қол жеткізудің ең тиімді жолы. Қазіргі таңда жылыжай шаруашылығы, агроцифрлық шешімдер, ауыл шаруашылығы техникасын автоматтандыру сияқты бағыттар ерекше сұранысқа ие. Сондықтан жуырда Талдықорғанға агрономия бағыты бойынша тағы алты италиялық профессор келеді. Алдағы уақытта біз магистратура мен докторантура деңгейінде де бағдарлама енгізуді жоспарлап отырмыз», деді министр.
Сол сияқты Италияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Антонелло Де Риу өз сөзінде бұл жоба білім мен ғылымдағы екіжақты ынтымақтастықтың жарқын үлгісі екенін жасырмады.
«Білім саласындағы мұндай қадам – екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайта түсетін үлкен бастама. Бұл жоба тек студенттерге білім беріп қана қоймай, ғылыми зерттеулер, тәжірибе алмасу, мәдениетаралық түсіністік бағытында да зор маңызға ие болмақ», деді елші.
Салтанатты шарадан кейін ресми делегация университет кампусының ішін аралап, жаңадан құрылған зертханалар мен оқу аудиторияларымен танысты. Жаңа кампуста аграрлық саладағы бірқатар ғылыми зерттеу жоба жүзеге асырыла бастады. Бұл жобалар тек студенттер үшін ғана емес, ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері мен мамандары үшін де тиімді тәжірибе алаңы болмақ.
«Біз агрономия бағытымен жұмыс бастасақ, алдағы уақытта тағам инженериясы, туризм, экономика және цифрлық технологиялар бағытында да қос дипломдық бағдарламалар ашуды көздеп отырмыз. Қазірдің өзінде Марке университетінің профессорлары тұрақты түрде дәріс беріп жатыр», дейді университет ректоры, профессор Ермек Бөрібаев.
Қазіргі таңда профессорлар Sara Ruschioni мен Luca Mazzoni аграрлық энтомология, зоология және жеміс шаруашылығы пәндері бойынша дәрістер мен практикалық сабақтар өткізіп жүр. Бұл студенттердің шетелдік оқыту моделін тікелей тәжірибеден көруге мүмкіндік береді. Филиалда білім алып жүрген 3-курс студенті Малика Арынова бұл бағдарламаның тиімділігін нақты мысалмен жеткізді:
«Бізге италиялық оқытушылар арнайы пәндер бойынша дәріс береді. Практикалық сабақтар заманауи зертханаларда өтеді. Сонымен қатар онлайн форматта италиян тілін оқимыз және Еуропадағы тағылымдамаға даярлау курстары бар. Мұндай халықаралық білім жолы – мен үшін үлкен мүмкіндік», дейді ол.
Марке политехникалық университетінің Жетісудағы филиалы – жай ғана халықаралық жоба емес, ел болашағы үшін стратегиялық инвестиция. Ол – ауыл шаруашылығы саласын ғылыммен ұштастыру, жастарға сапалы білім беру, сондай-ақ халықаралық тәжірибені жергілікті жерге сәтті енгізудің нақты көрінісі. Жобаның іске асуы Жетісуды аграрлық инновациялар мен білім орталығына айналдыруға жасалған үлкен қадам болып отыр.
Жетісу облысы