
Әлемге әйгілі корпорация өз тарихында Оңтүстік Кореядан тыс елде кәсіпорын салу үшін алғаш рет ауқымды қаражат бөліп отыр. Жалпы құны 131,5 млрд теңге болатын инвестициялық жобаның 117 млрд теңгесі – КІА-ның өзінікі. Таяуда «KIA Corporation»-ның атқарушы вице-президенті, компанияның бүкіл әлемдегі өндірісіне жетекшілік ететін ресми өкілі Джонг Джунчхоль Қостанайға арнайы келіп, зауыт құрылысымен танысты.
«Біз Орталық Азиядағы қай елге инвестиция салуға болады деген мәселе төңірегінде ұзақ ойластық. Нәтижесінде, Еуразия кіндігінде орналасқан Қазақстанды таңдадық. Бұл – біз үшін аса ірі әрі маңызды жоба. Бәрін тексердік, ескердік, енді, көріп отырғанымыздай, қазан айында жаппай өндіріске барлығы дайын болады. Сіздердің құрылысқа жан-жақты қолдау көрсетулеріңіздің арқасында жобаны мерзімінен кешіктірмей іске асырмақпыз. Сондай-ақ локализацияны дамытуды да жоспарлап отырмыз: компоненттерді осында, тұрғылықты жерде өндіруге мүмкіндік беру үшін автобөлшектерді жеткізушілер арасында іріктеу жүргіземіз», деді Джонг Джунчхоль.
Өңір басшысының айтуынша, КІА зауыты – Қостанай облысының даму тарихындағы ең ірі шетелдік өндіріс орны.
«Мемлекет басшысының тікелей қолдауы мен тиісті құрылымдардың тыңғылықты жұмысының нәтижесінде, аталған құрылыс рекордтық мерзімде – 1,5 жылда аяқталғалы тұр», деді Құмар Ақсақалов.
Зауыт елдегі ең заманауи кәсіпорынға айналып, жылына 70 мың автокөлік шығармақ. Желілер осы бастан «Sorento» және «Sportage» модельдерін шығаруға бейімделген. 2026 жылдың соңына қарай қатарға жаңартылған «Cerato» моделі қосылады. Келешекте кәсіпорында КІА-ның 13 түрлі моделі құрастырылады. Өндіріс орнында дәнекерлеу, шанақ сырлау, пластик бөлшектерді бояу, жинақтау және қойма бөлімдері тәрізді 5 технологиялық учаске бар. Өндірістік цехтарда 67 робот жұмыс істейді. Логистика «үзіліссіз лек қағидатымен» жұмыс істеп, сапа 3D-сканермен бақыланады.
Ұжымда өңірдегі колледждер мен университеттерде, сондай-ақ оңтүстіккореялық «Dong-Eui» университетінде даярлықтан өткен жергілікті мамандар жұмыс істейді. Қазірдің өзінде кәсіпорында қостанайлық колледждердің 40 түлегі жұмыс істеп жатыр. Таяуда тағы 34 жас маман жұмысқа қабылданбақ. Тәжірибе алмасу бағдарламасы аясында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің 12 түлегі Оңтүстік Кореяда оқып келді.
«Екі жыл ішінде өңірде 939 маман даярланды. Зауыттың кадрлық стратегиясы жергілікті мамандарға, олардың біліктілігін арттыруға бағдарланады. Жұмысшыларды жатын орынмен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін тапты», дейді облыс әкімі.
Бүгінде КІА зауытының іргесінде аумағы 30 мың шаршы метр болатын локализация орталығы салынып жатыр. Мұнда жылына көлік орындықтары, пайдаланылған газды шығару жүйесі, пластик панельдер сияқты сан алуан автокомпонент өндірілмек. Кәсіпорын жылына 60 мың автобөлшек дайындайды.
Жол құрылысына, кірме жолдар мен инженерлік желілерге республикалық бюджеттен 11 млрд теңге бөлінген. Ұзындығы 5,2 шақырымдық теміржол тармағы жұмыс істеп тұр. Мамандар аталған 2 ірі өндіріс орны іске қосылған соң, өңірдің өңдеу өнеркәсібінің өсімі 46%-дан асып түседі дегенді айтады.
Қостанай облысы