
Кеше «Астана» Кишиневте Молдованың «Зимбруын» 2:0 есебімен ұтты. Бұл матчтағы екі гол да бірінші таймда соғылды, авторлары – Джеффри Чинеду (18-минут) мен Усман Камара (21-минут). «Астана Аренада» өткен алғашқы ойын 1:1 есебімен тең аяқталған еді. Сөйтіп, қос кездесудің қорытындысы бойынша елордалық клуб үшінші кезеңге шықты. Жерлестеріміз енді Швейцарияның «Лозаннасымен» күш сынасады.
Қос кездесудің қорытындысы бойынша Финляндияның КуПС клубын қапы қалдырған Алматының «Қайраты» (сырт алаңда – 0:2, өз алаңында – 3:0) УЕФА Чемпиондар лигасы іріктеу турнирінің үшінші кезеңінде Словакияның «Слованымен» кездеседі. Олар өз кезегінде Боснияның «Зриньскиінен» (өз алаңында – 6:2, сырт алаңда – 2:2) басым түсті. Бір айта кетерлігі, 2013–2015 жылдар аралығында «Қайратты» жаттықтырған Владимир Вайсс бұл күндері дәл осы «Слован» клубының бас бапкері қызметін атқарады.