
Фото: museumgagarin.ru
Адамзат баласы миллиондаған жыл бойы қанатты құстай көкке ұшып, ғаламшарды қақ жарған құс жолын тіліп өтіп, ғарышқа төте сапар шегуді қиялдап келгені белгілі. Сол адамзаттық аңсарға 1961 жылдың 12 сәуірінде Юрий Гагарин қол жеткізіп, Қорқыт қобызының үні қалған даламыздан ұлы сапарға аттанды. Жұмыр жер бетін дүр сілкінткен сол тарихи оқиғадан кейін қаншама қарадомалақ арманына қанат байлап, ғарышкер болмаққа бел буды. Соның бірі әрі бірегейі – Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев еді.
Алматы облысы Қарғалы ауылында 1951 жылдың 7 қаңтарында дүниеге келген арманшыл ұл 1994 жылы ғарышқа көтерілді. Сөйтіп, қазақ халқынан тұңғыш ғарыш есігін ашқан даңқты ағасы Тоқтар Әубәкіровтің жолын жалғап, осы сапарда 126 күн ғарышта аялдады. Талғат Амангелдіұлы 1998 жылы – 208 күн, 2001 жылы 8 күн ғылыми зерттеу жүргізді. Адамзат баласының ғарышты игеруіне елеулі үлес қосты.
Зеңгір аспан жүзіндегі әр құбылысқа құмарта қараған қазақ баласының арзу арманын Жетіқарақшыға жеткізіп, жұлдыздары жамыраған ғарышта тәуелсіз елдің көк байрағын желбіретіп, жұрттың тілеуін Темірқазыққа айтқан арда азаматтың рухы елі барда ұмытылмасы анық. Сондықтан да, батыр Талғаттың артында қалған қалың еліне қайғыра көңіл айтамыз! Жаратқан ие қабырғамызды қайыстырған қаралы қазаның қайырын бергей!
Қош болыңыз, ғарыш қаһарманы!
«Қазақ газеттері» серіктестігінің ұжымы