
Суретті түсірген – автор
Тот баспайтын қаңылтырдан жасалған, сары түсті қазақы оюлармен қапталған домбыра кәдімгі қазақтың ұлттық аспабынан айнымайды екен. «Домбыраны түрлі ағаштан жасағанды білеміз ғой. Темірден жасалған домбыраны алғаш көруім. Бұл домбыраны жасауға қаншама еңбек кетті десеңізші... Темір қалдығын қабылдайтын жерден көріп қалып, ала алмай кеттім. Сататын қожайыны болмай қалды. Бірақ «домбыраның орны ол жер емес еді ғой» деп іштей қынжылдым» деп жазыпты Нұрлан.
– Нұрланның жазбасын көріп қалып, бірден оқиға орнына асықтым. Өзім музей қызметкері болғандықтан, ерекше жәдігердің бағасын білем ғой. Металл қабылдаушылар бұл домбыраға жұрттың назары ауа бастағанына алаңдады ма, әуелі «қожайыны жоқ» деген сылтаумен сатудан бас тартты. Ортаға тәртіп сақшыларын араластырып, ерекше аспапты ақыры сатып алдым. Құжатын толтырып, Орал қаласындағы домбыра музейіне тапсырғалы отырмын, – дейді Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы Мұхтар Өтес.
Әрине, металл қабылдайтын жердегі жігіттерге ешкімнің өкпесі жоқ. «Бұл қазақтың киелі аспабы ғой» деп жоғары іліп қойған екен, соған риза болдым!» деп Мұхтардың өзі айтып отыр. Тек өкініштісі – бұл домбыраны кім жасаған, иесі кім, тарихы қандай? – әзірге осы сауалдардың жауабы табылмай тұр.
Ерекше домбыраны біз де қолымызға ұстап көрдік. Металдан жасалғанына қарамастан жеп-жеңіл, әдеттегі аспаптан ауырлығы шамалы. Өлшемдері де дәл сондай. Қос ішегі сақталмағанымен, пернесі тағулы, кезінде қолданылғаны көрініп тұр. Домбыра өте шебер жасалған, өнер туындысы десе болғандай.
Бұйырса бұл жәдігер Орал қаласында былтыр ашылған Домбыра музейіндегі тарихи домбыралар коллекциясына қосылатын болды.
Батыс Қазақстан облысы