Өндіріс • Бүгін, 09:20

«Ақсай Жуалы» зауыты іске қосылды

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтудың алғышарты – өңірлерге ауқым­ды инвестиция тарту. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі және сыртқы инвестицияны тартудың маңыз­дылығын қай кезде де назардан тыс қалдыр­ған емес. Президент тапсырмасын жер­гілікті атқарушы билік өкілдері де қол­дан келгенше сапалы жүзеге асыруға бекініп жат­қаны даусыз. Жамбыл өңірінде де инвес­тор­лар тарту арқылы өңір экономикасын арт­тыруға басымдық берілген. Бұл бағыт­та жауапты азаматтардың арала­суымен біршама жұмыс атқарылып жатыр.

«Ақсай Жуалы» зауыты іске қосылды

Суреттерді түсірген – Ақәділ РЫСМАХАН

Жыл басында өңірде екі бірдей зауыт ашылса, бұл жұмыс жыл ортасында да лайықты жалғасын тапты. Сәуірдің соңын ала Шу ауданындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағында ірі металлургиялық зауыт құрылысы басталды. Одан бөлек, өңірде түрлі бағыттағы бірнеше өндіріс ошағы іске қосылды. Жаңадан бой көтерген зауыттар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға ниет білдіріп отыр.

Жалпы, өңірге шетелдік және отандық инвесторлардың келуі кейінгі кезде айтарлық­тай қарқын алды. Жыл басында Тұрар Рысқұлов ауданында сағатына 3 мың литр минералды су шығаратын кәсіпорын іске қосылса, сол жұмыстың жалғасындай болып, бірер күн бұрын Жуалы ауданында «Ақсай Жуалы» минералды су кәсіпорны жұмысын бастады. Жаңа зауыт ішкі нарықты қамтуға басымдық беріп отыр.

зауыт

«Мұндай ілкімді жобалар өңірдің экономикалық көрсеткішін үстемелеп қана қоймай, жергілікті халықтың әл-ауқатының артуына ықпал етеді. Жаңа кәсіпорын­ның ашылуы арқа­сын­да ауыл­да жаңа жұмыс орын­да­ры пайда болады. Нәти­же­сін­де, тұтас қазақтың алтын бе­сігіне айналған елді мекендер дамудың даңғыл жолы­на түседі. Осы тұрғыдан алған­да, атқарылып жатқан жұ­мыстың ауқымы кең деп ой­лай­­мын. Бірінші кезекте біз жер­гілікті өнімге деген сұра­нысты арттыруға барынша жағдай жасауымыз керек. Сырттан келетін тауарға деген тәуелділікті мүмкіндігінше азайту үшін осындай қадамға барған жөн деп білемін. Сонда ғана ауыл тұрғындары туған жерінде атқарылып жат­қан жұмыстың нәтижесімен мақтана алады. Өндірістік инфрақұрылымды дамыту мен өңірге инвестиция тарту – Мемлекет басшысының біз­ге жүктеген негізгі міндеті­нің бірі. Сондықтан бұл бағыт­тағы жұмысты барынша сапалы атқарып, тоқтаусыз жүр­гіземіз», дейді өңір басшысы Ербол Қарашөкеев.

Ресми дерекке жүгін­сек, Жуалыдағы ілкімді жоба жеке инвестиция есебінен жүзе­ге асырылып отыр. Жаңа өн­діріс ошағын салу үшін 400 млн теңге қаржы жұмсал­ған. Заманауи құрылғылармен жаб­дықталған кәсіпорынның өндірістік қуаты тәулігіне 80 тонна минералды су өндіру­ге мүмкіндік береді. Жергілік­ті атқарушы билік өкілдері­нің айтуынша, кәсіпорын бас­шы­лары бастапқы кезең­де 15 азаматты жұмысқа қа­былдаған.

Минералды суды облыс аумағынан бөлек, Астана, Алматы, Шымкент қалалары­на және Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыс­тау облыстары мен өзге де өңір­лердің нарығына шығару жос­парланып отыр.

Жауапты мамандардың айтуынша, осы жылы жалпы құны 175 млрд теңгені құ­райтын 30 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жос­парланған. Ілкімді жобалар толыққанды іске асқанда, өңір­де 1 143 жаңа жұмыс ор­ны ашылмақ. Осы жылдың ал­ғаш­қы жартысында негізгі капиталға салынған инвес­тиция көлемі 301,8 млрд тең­гені құраған. Осылайша, өт­кен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, көрсеткіш 48,1%-ға артқан.

 

Жамбыл облысы,

Жуалы ауданы