Саясат • Бүгін, 10:10

Ірі жобаларды жүзеге асыруға ниетті

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Вьетнамның «ROX Group» компаниясының жаһандық даму және инвестициялар жөніндегі директоры Ле Ан Дыкпен кездесу өткізді. Тараптар еліміздегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Ірі жобаларды жүзеге асыруға ниетті

Сурет: instagram.com/mfa_kz

«ROX Group» – 1996 жылы негізі қаланған Вьетнамдағы ең ірі жеке­меншік көпсалалы холдингтердің бірі. Компания энергетика, девелоп­мент, қаржы, инфрақұрылым және қонақүй бизнесі салаларына ин­вестиция салады. Топтың порт­фелінде 12 елде 100-ден астам инвес­тициялық нысан бар, ал шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 3 миллиард АҚШ долларынан асады.

Халықаралық ауқымдағы көшбасшы жобаларының қатарында – қуаттылығы 1900 МВт болатын күн электр стансасы және Бішкектегі ауқымды урбанистік кластерді қам­титын мегажоба бар.

Ал елімізде «ROX Group» компаниясы жаңартылатын энергия көздері саласында, оның ішін­де ірі энергетикалық нысандар салу жобаларын іске асыруға қызығушылық білдірді. Сонымен қатар компания өнеркәсіптік және туристік инфрақұрылымды дамыту жобаларына қатысу мүмкіндігін қарастырып, банк және қаржы секторына да қызығушылық танытып отыр.

Кездесу барысында Ә.Қуан­тыров еліміздің страте­гиялық әріптестікке және елде ұзақмерзімді қатысуға бағытталған инвесторларды тартуға мүдделі екенін атап өтті.

– Мақсатымыз – тек инвес­ти­­­циялық ағындарды арттыру емес, сапалы, технологиялық және орнықты жобаларды тарту. Біз «ROX Group» сияқты компа­ниялар  бастамаларын Қазақ­станда сенім­ді түрде жүзеге асыра алатындай жағдай жасауға ұмтыламыз. Бұл жобалар ел экономикасына нақты әсер етуге тиіс, – деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.

Өз кезегінде Ле Ан Дык Қа­зақ­станның географиялық орналасуы, саяси тұрақтылығы және инвестициялық тартым­дылығының ерекше үйлесіміне ие екенін айтты. Оның сөзінше «ROX Group» еліміздегі іскер­лік ахуалды және Үкіметтің инвес­торларды қолдауға бағыт­талған іс-шараларын жоғары бағалайды. Сондай-ақ ол елімізде энергетика, логистика және қар­жылық қызметтер сияқты салаларда үлкен әлеуетке ие екенін және компанияның өңірлік стратегиясында негізгі буынға айнала алатынын жеткізді.

Тараптар сындарлы диа­логті жалғастыруға және ынты­мақтастықтың нақты бағыт­тарын бірлесіп пысықтауға да­йын екендерін білдірді. Еліміз тарапынан инвестициялық мүм­кіндіктерді зерделеуге, жобаларды сүйемелдеуге, салалық мемлекеттік органдар­мен және даму институттарымен өзара іс-қимыл жасауға жан-жақты қолдау көрсетілетіні расталды.