
Фото: ашық дереккөз
Вендорлар туралы
Атом энергиясы агенттігі мен «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС француздық «Assystem» инжинирингтік компаниясымен бірлесіп әзірлеген әдістеме негізінде аталған компаниялардың реакторлық технологиялары мен ұсыныстары кешенді түрде бағаланды. Бағалау келесі негізгі өлшемшарттар бойынша жүргізілді: қауіпсіздік, технологиялық және қаржылық аспектілер, халықаралық тәжірибе, кадрларды даярлау деңгейі, жергілікті қамту үлесі мен басқа да факторлар.
Талдау нәтижесі әртүрлі ведомствоаралық платформаларда қаралды. Нәтижесінде «Росатом» елімізде бірінші атом электр стансасын салу жобасы бойынша халықаралық консорциумның көшбасшысы болып танылды. Қытай Ұлттық ядролық корпорациясының ұсынысы екінші орында, одан кейін Électricité de France және үшінші орында Korea Hydro & Nuclear Power.
Сонымен қатар, елімізде салынатын екінші АЭС жобасы бойынша басым серіктес ретінде Қытайдың «China National Nuclear Corporation» компаниясы қарастырылып отыр. Қазіргі уақытта осы бағытта мемлекеттік органдар мен компаниялар деңгейінде келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Үшінші АЭС құрылысы бойынша да ықтимал вендорлармен, оның ішінде «China National Nuclear Corporation» компаниясымен келіссөздер жүргізілуде. Келіссөздер жоғары қуатты реакторлармен қатар шағын және орта қуатты реакторлар бойынша да жүргізіліп жатыр.
Орналасатын жері жөнінде
Ел Үкіметінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы № 1137 «Атом электр стансасы» атомдық қондырғысын салуға арналған аумақ туралы» қаулысымен Алматы облысының Жамбыл ауданы АЭС құрылысын салуға арналған аумақ туралы шешім қабылданып, атом электр стансасының құрылыс алаңын анықтау үшін осы ауданда инженерлік-іздестіру жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.
Бірінші АЭС-ке белгіленген ауданнан бөлек, еліміздің басқа өңірлері де екінші АЭС салуға қарастырылуда. Қазір бұл жұмыстар алдын ала кезеңде тұр. Болуы ықтимал алаңдарға баға беруге консультация жүргізілуде. Қорытынды шешім энергетикалық теңгерім мен өңірлердің инфрақұрылымдық дайындығын ескере отырып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қабылданады.