
Іссапар барысында олар еңбек ұжымдарымен кездесіп, құрылыс кезеңіндегі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Риддер орман шаруашылығында сенаторлар жұмысшылармен жаңадан күшіне енген «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңның негізгі ережелерін, сондай-ақ орман қоры жерлерін басқару мәселелерін талқылады. Сала қызметкерлеріне көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларына ерекше назар аударылды.
Кездесу кезінде экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәселелері көтерілді. Сенаторлар қоғамдық орындардағы тазалық пен тәртіп тек коммуналдық қызметтердің жұмысына ғана емес, ең алдымен, әр азаматтың жеке жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті.
«Тазалық – тек техника мен бақылау мәселесі ғана емес, қоғамның мәдениеті, тәрбиесі мен санасының көрінісі. Бүгінде табиғатқа ұқыпты көзқарасты кішкентай кезден бастап қалыптастыру аса маңызды. Бізге тек ережелер ғана емес, ішкі жауапкершілік те қажет. Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы – бұл жай ғана ұран емес, бұл – елдіктің белгісі», деді Ольга Булавкина.
Сенаторлар сондай-ақ «Montana» спорт клубына барып, жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру мен спортпен айналысуға жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті. Олардың айтуынша, қолжетімді спорт инфрақұрылымын дамыту – әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі.
Сонымен қатар депутаттар жаңадан салынып жатқан «SteakKing» супермаркетінің құрылысымен танысты. Сенаторлардың айтуынша, бұл жоба шағын және орта бизнесті дамытуға серпін беріп, өңірдегі тұтынушылық инфрақұрылымды кеңейтуге үлес қосады.
Депутаттар көпбейінді аурухана кешенінің құрылыс алаңына барды. Онда медициналық мекеменің қаржыландырылуы, жабдықталуы және құрылыстың аяқталу мерзімі талқыланды.
Парламентшілер бұл нысанның іске қосылуы Риддер және жақын маңдағы елді мекен тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын едәуір арттыратынын айтты.
«Біз еліміздің өңірлерінде, соның ішінде Риддер қаласында азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты жобалардың іске асып жатқанын көріп отырмыз. Мұндай сапарлар халықтың пікірін тікелей естіп, шешуді қажет ететін мәселелерді нақтылап, заң шығару және өкілдік қызметіміз аясында нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді», деді Шәкәрім Бұқтұғұтов.
Ал депутат Сұлтанбек Мәкежанов Алматы қалалық мәслихатының депутаттарымен бірге бірқатар денсаулық сақтау нысандарын аралады. Атап айтқанда, сенатор биыл құрылысы басталған жаңа емхананың құрылыс алаңында болды. Ол заманауи әрі қолжетімді медициналық мекемелер салу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Мұндай жобалар белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асырылуы керек. Өйткені бұл тікелей халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасына әсер етеді», деді С.Мәкежанов.
Сондай-ақ сенатор ауқымды қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген №3 қалалық емханаға барды. Мұнда ішкі жайлар мен инженерлік желілер толық жаңартылып, цифрлық қызметтер енгізілген, сондай-ақ заманауи медициналық құрал-жабдықтар орнатылған.
«Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту – ұлт саулығына салынатын инвестиция. Парламент мүшелері ретінде біздің міндетіміз – мұндай жобалардың сапалы жүзеге асуын бақылап, медициналық қызметтердің әрбір азаматқа қолжетімді болуына жағдай жасау», деп атап өтті депутат.
Сапар барысында С.Мәкежанов реновация бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан құрылыс нысандарында да болды.
Сенатор Сағындық Лұқпанов «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамының өңірдегі филиалы өкілдерімен кездесті. Онда жүк және жолаушы тасымалдарының қазіргі жағдайы мен болашағы, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ өңірдегі теміржол желісін жаңғырту мен оңтайландыру жоспарлары талқыланды.
«Заманауи әрі қауіпсіз теміржол инфрақұрылымын дамыту – Атырау облысының тұрақты экономикалық өсімінің негізгі шарттарының бірі. Сенат жүк тасымалын тиімді етуге және көлік қызметтерінің сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды алдағы уақытта да қолдайды», деді С.Лұқпанов.
Сенатор, сондай-ақ, теміржол саласын дамытудың әлеуметтік және экономикалық маңызы зор екенін атап өтті. Бұл сала өңірдегі халықты жұмыспен қамтуға, инвестиция арттыруға және тұрғындардың өмір сапасына тікелей ықпал етеді.