Балалар • Бүгін, 12:51

500 мыңнан астам бүлдіршін балабақшаға ваучер алған

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылдан бастап мектепке дейінгі ұйымдарда ваучерлік қаржыландыру жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Жоба – балабақшаларда қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға және ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды Egemen.kz.

500 мыңнан астам бүлдіршін балабақшаға ваучер алған

Фото: Oqu-agartu ministrligi

Ваучерлік қаржыландыру тетігі 20 қала мен 7 ауданда жүзеге асырылып жатыр.

«Бүгінде ваучерлік қаржыландыру жүйесіне 4,7 мыңға жуық мектепке дейінгі ұйым қосылды, 500 мыңнан астам бала балабақшадан орын алды. Республикалық маңызы бар қалаларда кезек екі есе қысқарды», деп мәлімдеді Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, ваучерлік қаржыландыру жүйесі бос орындары бар және белгіленген талаптарға сай келетін мектепке дейінгі ұйымдарға қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Ата-аналарға балабақшаны өз қалауынша таңдау мүмкіндігі берілген, бұл жеке және мемлекеттік балабақшалар арасында салауатты бәсекелестікті қалыптастырады. 

Жүйе ең алдымен «ақша балаға беріледі» қағидатына негізделген қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ететін негізгі шартты қамтиды. Қаражат тек баланың баруын ата-аналар растағаннан кейін ғана аударылады.

«Барлық мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыруға көшіру 2025 жылдың соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр», делінген хабарламада.