Шымкент • Бүгін, 09:30

«Қазақ халқына әрқашан қарыздармыз»

30 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Еліміздің баға жетпес байлығының бірі – ол ішкі тұрақтылық пен ұлтаралық татулығы. Қоғамның тыныштығын сақтау, халықты бірлікке ұйыстыру бүгінгі қоғамның басты міндетіне айналды. Ал осынау мемлекеттік стратегияны жүзеге асырып отырған бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы.

«Қазақ халқына әрқашан қарыздармыз»

Ахыска түріктерінің тағдыры

Өзге өңірлердегідей Шымкент қала­сында да көптеген ұлт өкіл­дері бір шаңырақ астында бір от­басының мүшелеріндей тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Биыл еліміз Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына отыз жыл толуын атап өтіп жатыр. Осы мереке аясында Шымкентте де қаншама игі іс-шаралар қолға алынып жатыр. Отыз жылдық мерейтойға орай ұлтаралық татулықты нығайтуға үлес қосқан Ассамблеяның бел­сенді мүшелері түрлі сыйлық­тармен марапатталды. Со­лар­дың арасында Шымкент қаласы Еңбек­ші ауданындағы түрік этномәдени орта­лығының басшысы Мубарис Кураев те бар.

Оның айтуынша, әкесі Рахым 1933 жылы Грузияның Ас­пенза аймағы Шалушет деген ауылында туған. Кейін 1944 жылы сол төңіректегі түрік хал­қы Қазақстанға күштеп жер ауда­рылған. М.Кураев бұрын ол жер Осман империя­сының шекара­сындағы ең шеткі аймағы болғанын, ата-бабалары өмір бойы сол жерде тұрғанын айтады. Сол маңда Ахысқа деген қала болған. 1828–1829 жылдардағы Ресей-Осман соғысынан кейін ол аймақ Ресей империясының аумағына өтіп, сол жерді мекен еткен баяғы османдықтар өзге елде қалып қояды. Кейін 1921 жылы Ахысқа өлкесі КСРО құрамындағы Грузия КСР-нің құрамына ресми түрде өтті. Өз отанынан бөлініп қалған түріктер ол заманда Гру­зия­ның 4 аймағына қарайтын 160 ауыл­да тұрған. Сталиннің бұйрығы­мен қырқын­шы жылдары 40 мың­нан астам адам өз атамекенінен күштеп қоныс аударылды. Соның жиырма мыңға жуығы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан.

«Әкем қазақ жеріне көшіріл­генде 11 жаста болған. Еркек кін­діктілердің бәрі жаппай соғыс­та. Осында қалғаны тек бала-шаға, қыз-келіншектер мен шал-кемпірлер. Ол кездегі жағдайдың өте ауыр болғанын әкем айтып отыратын. «Бауырмал қазақ халқы қарайласпағанда тағдырымыз қалай болары бір Жарату­шы­ға мәлім еді. Қазақтар өздері аш отырса да бір нанды бөлісіп жедік, жар­ты құрт­ты да жырып беретін. Сол үшін ағайын халықтың жақсылығын ешқа­шан ұмытуға болмайды», дейтін әкем жарықтық.

Әкемнің өсиетімен қолым­нан келгенше қазақ еліне, туған жерім – Қазақстаныма жақсы­лық жасаумен келемін және онымды ешқашан міндет сана­маймын. Өйткені ол – аза­маттық боры­шым. Осы елде ту­дым ба, ауасын жұ­тып, суын іштім бе, оның көркейіп, дамуына өз үлесімді қосуым керек. Менің ойымша, әрбір саналы азамат осылай ойлауға тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, еліміздің мықтылы­ғы – бірлігінде. Қазақстанда өмір сүріп жатқан әрбір ұлт өкілі «бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» бірлікпен тірлік қыл­са, еліміз үшін алынбайтын қамал, аспайтын асу жоқ. Құдайға шүкір, бүгінгі таңда мемлекет әрбір диаспора өкілдеріне бар жағдайды жасап отыр. Олардың өз тілін, дәстүрін үйренуге ешкім кедергі келтіре алмайды. Бір жақсысы елімізде ұлтына қарай кемсітушілік атымен жоқ. Оның бір себебі қазақ халқы о бастан толерантты ұлт. Өзіне жетпесе де өзгенің қамын жеген қазақтай асыл ұлттан ешқашан жамандық шықпайды. Ендігі жерде әрбір диаспора өкілінің міндеті мемлекеттік тілді жақсы меңгеріп, елдің заңын, салтын сыйлау. Сонымен бірге дәл қазір елімізге керегі ішкі тұрақтылық пен бірлік, тағы да бірлік», дейді М.Кураев.

Этномәдени орталығы басшы­сының айтуынша, еліміздегі түріктерді Ахысқа түріктері деп атаған дұрыс. Бір кездері бауыр­лас халыққа теліген Месхеті тү­ріктері деген атау қате екенін еске салды. Себебі Грузияда Месхеті деген аудан бар, сол жерде тұратын жергілікті грузин халқы ислам дінін қабылдап, месхетілік болып аталып кеткен. Ал тілі мен салты бөлек түріктер Грузияның Ахысқа жерін мекендеген. Сондықтан оларды Ахысқа түріктері деп атаған жөн. Грузиядан көшірілгеннен кейін жұрт шатасып месхетілік түріктер деп атай салса керек.

М.Кураевтің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда Шымкент қаласында жиырма мыңдай Ахысқа түрік­тері өмір сүріп жатыр. Олардың бәрі хал-қадерінше өз тілін, салт-дәстүрін сақтауға тырысады. Өздерінің тарихи Отанымен де мәдени байланыс жасап тұрады. Бірақ түбегейлі Түркияға көшіп, сол жақта қалып қоятындары өте сирек. Оның қасында ТМД елдерінің көптеген азаматы Түркиядан үй, басқа да жылжымайтын мүлік сатып алып, сол жаққа қоныс аударып жатыр. Тілге келсек, баяғы Осман империя­сынан қалған ескі әдеби тіл осы Ахысқа түріктерінде сақталыпты. Керісінше Түркияның Ыстанбұл, Измир, Анкара секілді ірі қала­ла­рында тұратын жергілікті түрік­тердің тілінде еуропалық сөздер мен батыстық сарын басымдау екен. Мұндай қызықты деректі этномәдени бірлестік төрағасынан естідік.

 

Мәдени де іскерлік байланыс

Шымкенттің Ахысқа түріктері бауырлас Түркия елімен тек мәде­ни емес, іскерлік қарым-қаты­насты да жандандырып келе­ді. Мәселен, Шымкенттегі консул­дықты басқаратын Латифша Асанов дейтін азаматтың ұйытқы болуымен Түркиядан Шымкентке қаншама инвестиция тартылып, бірлескен қазақ-түрік жобалары қолға алынып жатыр. Ол деген сөз еліміз экономикасы­ның жандануы, қосымша жұ­мыс ­орындары пайда болып, әлеу­меттік мәселенің түбегейлі шешілуі, дейді М.Кураев.

Расымен де осы күнде Түр­кияның инвестициясымен Шым­кентте жүзеге асып жатқан жоба көп. Мәселен, солардың бірі – биыл құрылысы басталған алып жылыжай кешені. Ол аумағы жөнінен Орталық Азиядағы ең үлкен жылыжайдың бірі. Шымкент қала болғандықтан ашық егіс даласы өте аз. Сондықтан жергілікті әкімдік ауыл шаруашылығын қайта өңдеу саласына, жылыжай шаруашылығына үміт артып отыр.

Бұл жобаларды іске асы­руға бауырлас Түрік елінің инвес­торлары көмектерін аяп жатқан жоқ. Құрылысы жүріп жатқан жылыжай кешенінің аумағы онда­ған гектар жерді алады. Онда көкө­ністің түр-түрі өсіріліп, келешекте одан алынған өнімдер еліміздің ішкі нарығын толықтай жабуға жұмсалады. Сондай-ақ көкөністің өзімізде молынан өндірілуінің бір пайдасы қыста, ерте көк­тем­де ауыл шаруашылығы өнім­­деріне сұраныс туындаған сәт­те нарықты керекті тауармен қам­­тамасыз етіп, бағаның өсіп кетуі­не жол берілмейді. Сонымен бірге түркиялық инвестицияға шаһарда осы күнде әлем­дік брендке айналып кеткен танымал сусынды өндіретін ірі за­уыт ашылды. Ол жерде де жүздеген адамға жаңа жұмыс орны табылды. Жаңа кәсіпорын қаланың өндірістік әлеуетін одан сайын арттыра түсті. Өндірілген сусындар шаһардың ішкі сұранысын жауып, көршілес өңірлерге де жөнелтіліп жатыр.

Әлемнің жеңіл өнеркәсіп нарығында өз орнын тапқан Түркия Қазақстанға да осы саланы дамытуға көмегін беріп келеді. Түркиялық бірлескен жобалардың нәтижесінде мегаполисте тоқыма өнеркәсібі жаңа сатыға көтеріліп жатыр. Бүгінде көптеген жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша өнім шығарып жатқан кәсіпорындар технология мен керекті шикізатты Түркиядан әкеледі. М.Кураев сол жақ­қа барып, тоқыма өнеркәсібін үйреніп келіп жатқан шымкенттік мамандар да көп екенін айтады.

«Өз салтымызды жоғалтпау үшін ұлттық мереке, той-тома­лақтарда лажы болса барынша ұлттық киім киюге тырысамыз. Сондай-ақ тілімізді сақтап қалу үшін үйде бір-бірімізбен ана тілінде сөйлесеміз. Бірақ Ахысқа түріктері мемлекеттік тілмен қатар, орыс тілінде де еркін сөйлейді. Ол қоғамнан шет қалып кетпеу үшін керек. Қоғамға барынша кірігу үшін бірнеше тілді білген маңызды. Соның ішінде әлбетте бірінші орында қазақ тілі тұрады. Түбі мемлекеттік тіл үстем құратын болғандықтан түрік отбасылары балаларын осы бастан қазақ мек­тептеріне беріп жатыр. Бірақ өз тілін ұмытпау үшін отбасында ана тілінде сөйлеседі. Салтымызды сақтау мақсатын­­да да ұлттық тағам түрлерін әзір­лейміз. Әсі­ресе мереке кезінде дастарқан үстінде міндетті түр­де ұлттық тағамдар тұрады. Сон­дай-ақ қазақ халқының да ұлт­тық тағамдарын ұмытпаймыз. Өйткені олардың дәмі ерекше. Көпұлтты елде ­өмір сүретіндіктен ешқандай тағам­ды алалап, бөліп-жармаймыз. Көңілі­мізге не жағады сол тағам­ды әзір­леп жегенді ұнатамыз», деді этномәдени орталығының басшысы сөзін түйіндей келе.