Абай • Бүгін, 10:05

Қажымұқанның Шыңғыстауда қалған ізі

70 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлы Абайдың 1945 жылы өткен 100 жылдық мерейтойына шақырылған қадірлі меймандар арасында атақты Қажымұқан балуан да болған. Оған мына бір сурет дәлел. Бұл фото тарихи той үстінде түсірілген екен.

Қажымұқанның Шыңғыстауда қалған ізі

Суретте: ортада Қажымұқан балуан, оның алдында ұлы Айдархан, оның сол жағында Дәулен балуан. Артқы жақтағы кимешекті әйел Мәриям Жогарқызы (Мария Егоровна Рыкина), оның жұбайы Дүйсен (оң жақта бірінші).

Туғанына ғасыр толған ұлы ақын тойының куәгері һәм ұйым­дас­тыру ісіне жауапты адамның бірі жазушы Әди Шәріпов «Көргенім, көңілге түйгенім» атты естелігінде: «Абай тойы – ауыр соғыс жылдарын бастан кешкен халықтың көңілін серпілткен зор оқиға болды әрі жалпыхалықтық сипатта өтті», деп жазыпты. Тойды жалпыхалықтық сипатта болдыру үшін күллі қазаққа танымал қайраткерлер шақырылды. Соның бірі – атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасов. Өйткені той балуансыз болмайды. Демек күш атасы Қажымұқан тойдың төрінде отыруы зор мәртебе.

Осы бір оқиға хақында: Абай­дың 100 жылдық мерейто­йын дайын­дап, өткізу жөніндегі үкіметтік мерейтойлық комитет­тің ғылыми хатшысы һәм абай­танушы-ғалым Қайым Мұха­мед­хановтың «Мен көрген Қажы­мұқан» атты естелігінде: «...Мерей­тойға ұлтымыздың көрнекті азаматтарын шақырып, Абай рухын ұлықтау – менің парызым еді. Сол жолы Қажымұқан атамызға арнайы шақыру жібердік. Ол көп кешікпей ұлымен бірге Семейге келді. Қажымұқан өте қарапайым, кішіпейіл жан екен. Бірақ оның бойынан бір шексіз рух, көзінен тереңдік пен даналық көрініп тұрды. Оған қарасаң, бір дәуірдің бейнесін көргендей боласың. Сол күндері мен Қажымұқанның жа­нынан табылып, қолымнан келгенше көмектестім. Оған арнайы кос­тюм мен сапалы аяқкиім тіктіріп, дәстүрге сай шапан жауып, сый-құрметімізді көрсеттік. Алып денесіне лайық төсек табу қиын болғандықтан, ол жерге жайылған көрпеде ұйықтайтын. Тағамға деген тәбеті де спортшыларға тән еді – бір түсте жарты қойды жеп қоятын. Бірақ сол сәттердің өзінде де ол ешкімнің мазасын алмайтын, салмақты, сабырлы еді.

Ең кереметі – Қажымұқанның рухани әлемі. Ол менің әңгімеле­рімді – қазақ тарихы, Абай мұра­сы, Семей топырағының киесі туралы айтқан сырларымды ерекше қызығушылықпен тыңдады. Біз ұзақ отырып ел мен жер, тағдыр мен тарих жайында сырластық. Сол бір күндер менің жүрегімде мәңгілік із қалдырды. Қажымұқан – ұлы тұлға ғана емес, нағыз халық­тың жүрегінен орын алған ер. Ол тек күрес майданында емес, рух майданында да жеңімпаз болды. Қажымұқанды көру – бір дәуір­мен жүздескендей әсер қалдыр­ды», деп жазады.

* * *

Осылай Семей қаласында бас­талған той тамыз айының соңы­на таман Абай ауданы Шыңғыс­тауда жалғасады. Бұл жерге Қажы­мұ­қан балуан баруға тиіс еді. Бірақ жайпақ көлікке күш атасы сый­майды. Ақыры бұл кісіге арнайы жүк көлігін шығарды. Осы оқиға туралы баяндаған педа­гог-жазушы Мұхамеджан Рүсте­мовтің «Абай тойында» атты жаз­басы бар. Осы эсседе: «...Алма­тыдан келген қонақтарды облыс басшылары қарсы алып,  ертеңінде оларды тойдың жалғасы өтетін Абай ауданы Шыңғыстауға аттандырды. Тойдың құрметті қонағы Қажымұқан балуан:

– Қарақтарым, мен жеңіл машинамен алыс жолға жүре алмаймын, өкпем қысылады. Оның үстіне салмағыма машина шыдас бермейді. «Ойбайымнан бай­байым тыныш» дегендей, мені жүк машинасы көтеруге жарар. Етек-жеңімді кең тастап, Абай даласына емін-еркін көз тастайын, – деді. Облыс атқа мінерлері:

 – Абай тойында жүк машинаға отырғаныңыз ұят, сізге жараспас, – дейді.

– Оқасы жоқ. Сендер менің абыройымды ойлап отырсыңдар. «Төс айылдың батқанын иесі білмес, ат білер» дегендей мен өз жайымды білем ғой. Қысылмаңдар. Маған жүк көлігі жарайды. Тек қасыма мына Нартай (Бекежановты айтады) досымды қосыңдар, – балуан­ның айтқаны орындалды», деп жазыпты.

Сол сияқты әдебиетші ғалым Әуелбек Қоңыратбаев «Баһадүр» атты естелігінде ақын тойына қатысқан Қажымұқан балуанның әңгімесін жазып алған екен. – Шыңғыстауда Абайдың тойы өтті. Қазақстанның жер-жерінен адамдар қатысты. Ғылым академиясынан келген бір топ ғалыммен бірге сол тойда болдым. Қарауыл өзенінің екі жағына сансыз көп үй тігілді. Сол үйлердің бірі маған бұйырды. Мені көрмекке келген жұрт қаумалап үйді жығып кете жаздады. Содан халықты сыйлап, биік тастың үстіне шығып отырдым, – деп айтқан балуанның сөзін келтіреді.

* * *

Шыңғыстаудағы тойды Абай аудандық атком төрағасы Мың­жасаров ашып, одан кейін профессор Жарминский, Түрікменстан Ғылым академиясының ғылыми хатшысы Кариев, өзбекстандық абайтанушы профессор Әбдірах­ман Саади, Қазақстан жазушылары атынан Мұхтар Әуезов сөз сөйлейді.  Одан кейін сөз кезегі атақты балуан, тойдың құрметті қонағы Қажымұқанға тиеді. Күрілдей сөйлеген балуан:

– Халайық, мен Абайдың көзін көріп, қолынан дәм татып, дастар­қандас болған, сый-сыяпа­тын көрген адаммын. Осыдан 40 жыл бұрын (1898–1899 жылдары) Омбыға келгенімде Абай мені іздеп та­уып, жолдас-жораларымен бір­ге Қарақожа деген кісінің үйінде күтіп, сыйлап қонақ етті. Мұн­дай жақсылықты ұмытуға бола ма? Осы кездесуде Абай маған ақы­лын айтып, «халқыңның намы­сын қорға» деді. Мен сол аға сені­мін ақтаған сияқтымын, – деген­де жұрт ризашылық танытыпты («Қажымұқан қағанаты». – Шым­кент: «Ордабасы», 2001. - 335 -б).

* * *

Тойдың сәні ат бәйгесі мен балуан күресі. Абай тойының бас балуаны ретінде Қажымұқан таныл­ған. Бірақ ол жасы келген­діктен күрес­пеген. Бұл оқиға туралы жазушы Қалихан Алтынбаевтың жазған естелігі бар. Онда былай дейді: «Ол асықпай-саспай бал­уандар тобының бір жақ шетіне жүрелей отырды. Тұла бойы шо­йыннан құйылғандай тұп-тұтас, оған кім қарсы шықсын. Біраз үнсіздіктен соң ұйымдастыру комиссиясының бастығы халыққа қарап: «Атан түйе бастатқан бір тоғыз Қажекеңе жол ретінде күреспей беріледі», деп жариялады. Күш атасы балпаң басқан күйі, жұбайы Мінайымның жанына барып, 12 жасар ұлы Айдарханды алдына алып, күрестің одан арғы барысын тамашалады...» («Қазақ балуандары». Астана, 2006. – 363-б).

* * *

Тойдың бас бәйгесін атақты балуан күреспей алған соң Қажекеңнен қалған кейінгі бәйге қалы кілем жабылған атан түйе үшін Абыралы елінің жойқын күш иесі Әшкен мен Ақсуат өңірінің балуаны Дәулен белдеседі. Айналасы бес-алты минутқа жеткізбей жасы қырыққа иек артқан Дәулен Әбікенов қарсыласын төңкеріп тастайды. Осы күрестің басы-қасында болып, арыстардың айқасын көзбен көрген халық ақыны Төлеу Көбдіковтің:

Балуандар жағаласып жармасқанда,

Алысып айдаһардай арбасқанда,

Балуаны Ақсуаттың лақтырып,

Шығарды бұрқ еткізіп шаңды аспанға... –

дейтін ұзақ жыры бар. Сөйтіп, қарсыласын «шаңды аспанға шығарып» жеңген Дәулен балуан атан түйе бәйгесін Қажекеңе сыйға тартып, қонақкәде жасайды. Осы той кезінде Қажымұқан балуанды ортаға алып, Дәулен Әбікенов, Мәриям Жагорқызы мен оның күйеуі Дүйсен қатарлы көп адам бірге фотоға түскен екен (суретте).